19.09.2022
  117


Автор: Темірше Сарыбаев

КІНӘЛІ КІМ

Кінәлі кім, қоғамым ба, өзім бе?!
Өкініштен өрт тұтайды көзімде.
Алғыс айту керек аңқау Арманға,
Алтын алқа тағу керек Төзімге!
Кінәлі кім,
Сен бе,
Ол ма,
Басқа ма?!
Тіл бітетін туды уақыт тасқа да!
Жуас елдің шүлен ету байлығын,
Масқара ғой, масқара ғой, масқара!
Алтынын да, мұнайын да, кенін де,
Ала берген, бере берген тегінге.
Қызыл көрген қырандайын шүйліккен,
Қазақ деген қардай аппақ көңілге.
Нар намыстың аттап өтіп басынан,
Ауыр-ауыр составтармен тасыған.
Сен де, әрине, тұрған жоқсың жетісіп,
Мен де біраз биігімнен басылам.
Өткен өтті!
Өкініш те тарар-ау,
Жүректерде сөнбей жатқан бар, алау!
Кеткен малдың қайыры жоқ қашанда,
Қалғанына еге болсақ – жарар-ау...





Пікір жазу