meta charset="utf-8"> Қазақша портал

  19.09.2022
  139


Автор: Темірше Сарыбаев

КІМГЕ КЕРЕК КІСІЛІГІҢ, ПІРЛІГІҢ

Әне, біздер жүріп өткен жол жатыр.
Бүгін – ескі, азып-тозған ол да – тұл!
Бауырыңды бір жаза алмай дал болдың,
Тұра бере омақасқан сорлы Ақыл!
Күйттегендер озды сенен бас қамын.
Үстінде отыр будақ-будақ ақшаның.
Әптер-тәптер дауылды күн өртіндей,
Заманымның құбылуы – қас-қағым.
Заманымның құбылуы – қас-қағым,
Шағасың ба, тасырайған тасқа мұң.
Көзге түртсе көрінбейтін тұманда
Бағытымнан мен жаңыла бастадым.
Мақсатым да мұзға тайып мертікті,
Өкінішім өзегімде дертіп тұр.
Мен алаулап жанған сайын масайрап,
Өршеленіп, үдей түсті жел тіпті!
Кімге керек кісілігің, пірлігің!
Тұтылудай тұтылып-ақ тұр күнім.
Жар салайын десем жалпақ жаһанға,
Тар кеудемде құмығады құрғыр үн.
Малғұндар-ай, адамдықтан мақұрым,
Тірі өлтірді-ау, тірі өртеді ақынын.
Сарт-сауанның салып берді астына,
Сұраңдаршы, сұмырайдың заты кім?!
Бейопадан бейбақ көңіл не тілер?..
Өзімменен бірге жанды жетім ел.
Халқын жерге қаратқандар қашанда,
Адалдықтың азасында өкірер!..





Пікір жазу