19.09.2022
  382


Автор: Темірше Сарыбаев

ТЕРІС БАТА

Тағдыр маған аз берді де, көп алды,
Бұл жалғанда мен қызығар не қалды?!
Бес жыл жүріп Берлинге ту тіктім,
Саттым бүгін...
«Жеңіс үшін» медальді.
Медаль емес, менің болмыс-тағдырым!
Қасіретім, өкінішім, бар мұңым!
Қуанышым, ықыласым, көз жасым,
Сенің қылша мойыныңда қалды ұлым.
Жауған оқтан сау-тамтығым
қалмаған,
Өртің бар ма, мен алаулап жанбаған?!
Маған қайыр сұратқанда көшеден,
Саған мүйіз шығар ма екен,
жан балам?!
Нәлет бізге! Нәлет біздің дәуірге!
Бір келетін нәубет ғой бұл зәуімде.
Кеше алмаспын ахиреттің алдында,
Дұшпаным де, мейлің ата жауым де!
Кетпен...
Қайла...
Өгіз арба...
Ат арба...
Қосудай-ақ қосып ем ғой қатарға.
Ақтық рет сүйесеңші басымды,
Қара жерге қамсыз кіріп жатарда!
Жазығым не, жазығым не, жазығым?!
Біттім бүгін. Қажудай-ақ қажыдым!
Менің бүкіл көргенімді көшіріп,
Екінші рет саған жазса, аз, ұлым!..





Пікір жазу