19.09.2022
  108


Автор: Темірше Сарыбаев

ЕЙ, ДҮБӘРА, ДҮБӘРА...

Ей, Дүбәра, Дүбәра,
Қаны қара, құрама.
Жармастың-ау жығама,
Орандың-ау шұғама.
Саған тізгін берсін деп,
Толғатпаған Ұлы-Ана!
Ей, Дүбәра, Дүбәра,
Бір жағым –
шың-мұнара,
Бір жағым –
құз-құлама.
Мен жайымды айтпайын,
Сен халімді сұрама!
Ей, Дүбәра, Дүбәра,
Сақтапсың-ау сыбаға.
Не жазып ем Құдаға?!
Мен жайымды айтпайын,
Сен халімді сұрама!
Ей, Дүбәра, Дүбәра,
Тұщытпассың тұмаға,
Тойдырмассың сірә да!
Мен мертіксем, майрылып,
Сенің көңілің тына ма?!
Ей, Дүбәра, Дүбәра,
Өтпелі ғой бұл ара.
Ақырын күт, шыда да.
Ашық жатқан
жер көрсең,
«Ақылыңды» сынала.
Ақымаққа кей-кейде,
Айла керек шінара.
Жоқ дінің де, ділің де,
Бүлін мейлің, бүлінбе.
Тым тұрпайы үнің де,
Шабаланып үріңдер,
Иттігіңді біліңдер!
Мен – керуен басымын,
Туар әлі-ақ ғасырым!





Пікір жазу