meta charset="utf-8"> Қазақша портал

  19.09.2022
  158


Автор: Темірше Сарыбаев

ТАРАТЫЛҒАН ДЕПУТАТТАРҒА ОДА

Депутаттар мерзімсіз таратылған,
Ақиқатты айтқандар ар атынан.
Хан Тәңірі түлеткен қырандарым,
Қар боратқан қаққанда қанатынан.
Қас батырдай шебінен шегінбеген,
Қаймағы еңдер халқымның төгілмеген.
Мұң-шерімді мінбеден толғағанда,
Төңкеріле тулайтын көгімде өлең!
Өздеріңмен тең еді төрт құбылам,
Шырқай алмай шығандап кетті бір ән.
Үмітім де үсіді-ау үлбіреген,
Пайғамбарлық парасат жоқтығынан.
Тұлғаларым,
Туларым,
Ұстындарым!
Көзден бұлбұл жан-жаққа ұштың бәрің.
Шілдеде де шыжыған сезем қазір,
Қаңтардағы қақаған қыстың кәрін.
Бостандық деп, Теңдік деп сұрап алған,
Өз еркіммен бас тартам, правомнан!
Ашық күнде омбылар жағдайым жоқ,
Қазып қойған Орлардан,
Ұралардан!
Қысқа күнде қырық рет құбылғанша,
Қалды дейсің бізде де ғұмыр қанша?!
Енді ешкімге ешқашан дауыс бермен,
Қос шырағым мәңгіге жұмылғанша!
Түсінгенмін,
Тұрарын құным қанша!





Пікір жазу