СЫБАҒАМ ДА САРҚЫЛҒАНДАЙ АЛАТЫН
Сар желістен зықы шыққан ерсоқты,
Жолаушыдай
Айналама селсоқпын.
Қуана алмау, қайғыра алмау азабы,
Сойылыңнан
Деп пе ең, сірә, кем соққы!
Сәл нәрсені көкке ту ғып көтерген,
Мендегі уыз сезімдердің еті өлген.
Соны ойласам –
шыңырауға шым батып,
Шыға алмайтын тұңғиыққа кетем мен.
Аппақ-аппақ армандардың қанатын,
Қырқып жатыр,
түтіп жатыр қара түн.
Сыбағам да сарқылғандай алатын,
Сапарым да таусылғандай баратын.
Не өң емес, ұқсамайды түс деуге,
Осындайда болар екен
Не істеуге?!.
Жалғандықтың жалынына шарпылып,
Қиянаттың түтінінен ыс кеуде.
Қиянаттың түтінінен ыс кеуде,
Лажым жоқ, заман зәрін ішпеуге.
Менің жалпақ жауырыныма
жайғасқан,
Зілзала жүк бекігендей түспеуге.
Оған да оңай қайыспас-ау нар белім,
Ажалдан да оққағарым бар менің.
Алып елім апатты аймақ атанып,
Жерге қарап қалмаса екен арлы елім.