«АҚПАЙ»
Қыран ба, қанатынан қан саулаған,
Шер ме әлде, шерітіп ішек
тауыса алмаған?
Батыр ма, жау оғынан жапа шеккен,
Ақын ба, ғашығына қауыша алмаған?!
Мен таңмын, күй тіліне, ескі өнерге.
Мен далмын, қуанам ба, сескенем бе?!
Тыңдасам тұла бойым тітірейді,
Жұртынан қақ айырылып көшкен елге.
Қазандай кеудесінде кегі қайнап,
Жауына шерлі әнімен шегіп айбат.
Кір жуып, кіндік кескен жерін қимай,
Көшкен ел күңіренеді «Елім-айлап».
Бақытын бейбіт елдің кім ұрлаған,
Бөбек пе, безілдеген, шырылдаған?..
Азаға тау жарылып, жер күрсініп,
Құйқасы қара тастың шымырлаған.
Көңілі түскен елдің аспандаған,
Жонынан қалмаған жау таспа алмаған.
Жүрегі пәрша-пәрша
Түтеленіп,
Көзінен ағыл-тегіл жас парлаған.
У да шу,
Азан-қазан көк күзеген,
Бұл өзі – қазақ үшін кекті кезең.
Асылы – «Ақпай» емес,
Түйе керуен,
Жайыққа Қаратаудан бет түзеген.