19.09.2022
  122


Автор: Темірше Сарыбаев

ЖАҢА ӨМІРДІ ЖАПЫРАҚ БОП БАСТАЙСЫҢ...

Мұзарт таулар беліне орап сағымын,
Жүз жыл өтер,
Мың жыл өтер,
Тағы мың...
Ұрпақ атты ұлы дария толассыз,
Тоқтатуы мүмкін емес, ағынын!
Ағады олар,
Азабымен,
Мұңымен,
Жұлдызымен, жыл-айымен, күнімен.
Бақытымен,
Ырысымен,
Сорымен,
Бабалардың бастап кеткен жолымен.
Ағады олар, ағады олар, ағады...
Қалдырады тірлік атты жағаны.
Қуып-қуып арманының соңынан,
Ақырғы орнын топырақтан табады.
Аппақ жүзін торғынымен жабады.
Туар ғасыр,
Туар ақын,
Туар жыр.
Құлпырады абатты Сыр,
Қуаң Қыр!
Өткен өмір
Жаңа өмірдің алдында
Болымсыздау елестейді, буалдыр...
Мұзарт таулар беліне орап сағымын,
Жүз жыл өтер,
Мың жыл өтер,
Тағы – мың!...
Ұрпақ атты ұлы дария толассыз,
Тоқтатуы мүмкін емес ағынын.
Ол – заңдылық!
Талас мейлің, таласпа.
Адамзаттан айналасың ағашқа.
Пенделікті мәңгі бақи тастайсың,
Жаңа өмірді жапырақ
боп бастайсың...





Пікір жазу