19.09.2022
  115


Автор: Темірше Сарыбаев

ЕСІҢДІ ЖИ, ЕСЕРЛІК...

Бірімізге біріміз түрпідейміз,
Бірімізді біріміз сілкілейміз.
Жақсылықты айтарда жақ қарысып,
Тынамыз-ау, тұнамыз сілтідей біз.
Бірімізге біріміз қасқырдаймыз,
Қасқырдаймыз,
Қияға бастырмаймыз.
Мақтануға келгенде «мен мұндалап»,
Көзсіз селдей көпіріп тасқындаймыз.
Өсекті де өлшеусіз боратамыз,
Үйде жатып қағаздап оқ атамыз.
Құлата алсақ қуанып қол соғамыз,
Тірілгендей бағзыдан жоқ атамыз.
Мұнан өткен жоқ шығар масқаралық,
Күліп жатса, сыртыңнан басқа халық.
Жер басудың өзі айып ары барға,
Көңіл деген айдынды ластап алып!
Есіңді жи, Есерлік,
Дүлей-Даңқ!
Үркітіп-ақ болдың-ау үрейді алып.
Бірікпесең – берекем кетті дей бер,
Қойған өртің қоздайды,
Үдейді анық.





Пікір жазу