19.09.2022
  100


Автор: Темірше Сарыбаев

БОЛЫП ЖАТЫР НЕ СҰМДЫҚ ЕСТІМЕГЕН

Атқан,
Асқан,
Тірілей кескілеген,
Болып жатыр не сұмдық естімеген.
Жаңа оянған елдер бар
жан-жағымда,
Балапандай ұядан кеш түлеген.
Соның бәрі бір менің назарымда,
Бөлісемін қайғысын, азабын да.
Зеңгірімнен әлемге зер саламын,
Қалам қамдап, жаңа жыр
жазарымда.
Неге,
Қалай,
Неліктен,
Кім біледі?..
Сан-мың сауал
Жанымды тілгіледі.
Қайта-қайта мүйіздеп, бірін-бірі,
Қасқыр шапқан қойдай-ақ дүрлігеді.
Дүрлігеді,
Сонан соң арбасады,
Әне, бірі қаруға қам жасады.
Күліп тұрған мына өмір
Жылап та алып,
Қас-қағымда құбылып алмасады.
Айла таппай әлемдік бүлікке енді,
Ойларымды шарлаған
Іріккем-ді...
Ала құйын ызалы есігімнен,
Торғай тістеп мысығым,
Кіріп келді.





Пікір жазу