18.09.2022
  162


Автор: Гүлайша Ерахмет

Бір уыс ақыл

Ақыл берген Тəңірім-ау талайға,
Бір уыс ақыл бере көрші маған да.
Оқысам да кітаптардан нақылды,
Бола алмай-ақ қойдым əйтеу ақылды.
Ақылды боп кетем бе деп мен кенет,
Кесіп көрдім бұрымды да келтелеп.
Он тоғыз жыл отырсам да партада,


Мен ақылды бола алмадым онша да.
Оқысам да роман мен əңгіме,
Ақылды да бола алмадым ал, міне.
Ақылды жан əкешім мен анам да,
Мен ақылды боп тумаппын алайда.
Келем əлі ақыл іздеп шаршаумен,
Ақылысызбын, болмаса сыр айтарма ем.
Ақша емес, ақылсыздық қинайды-ақ,
Күнім өтті ақ қағазды шимайлап.
Нем бар еді іштегіні елге айтып,
Енді өмірде өмір сүрем мен қайтіп.
Бар сырымды біліп алды дүйім жұрт,
Пісіп тұрған жеміс едім уылжып.
Онымды да елге қойдым білдіріп,
Ақылсыздық, бұл не деген жындылық.
Мен сияқты қайсы қызы қазақтың,
Əңгіме айтып отыр дейсіз ғажап бір.
Оның бəрі жасырады жан сырын,
Мен секілді жайып салып қайсы жүр.
Оның бəрі махаббатын жасырып,
Іштерінен тынатындар аһ ұрып.
Ібілістің құшағында жатып та,
Менен бұрын жететіндер бақытқа.
Оң-солымды үлгерместен парықтап,
Бар сырымды тұрмын міне жайып сап.
Жайғандығым былай тұрсын басқаға,
Жариялап жатқаным не баспада.
Бұ да мүмкін ақылымның кемдігі,
Ойланайын өмірімде ендігі.
Сол үшін де Тəңірім-ау жарай ма?!
Бір уыс ақыл бере көрші маған да.





Пікір жазу