Көкқамыр
О, менің туған жерім, Көкқамырым,
Енді ұқтым жер қадірін, дос қадірін.
Тұрсың ба қатуланып, айбарланып?
Тектеген анадайын сотқар ұлын.
Əкемнің əлпетіндей қарапайым,
Бірақ та, құшағы ыстық, санасы ауыр.
Қыңқ етпей қыс пен жаздың əлегіне,
Қасқайып жатырмысың, Қара тауым?
Гүлің ем, құштар өскен тауға жаным,
Осы ғой сағыныштан салған əнім.
Ал, сені сүйе алмайтын əлде біреу,
Қойныңда жасап жатыр таңғаламын.
Жағып ең үміт отын өзің үрлеп,
Ал, енді сүйіп өлу сені – міндет.
Жүрер ем тауларыңның талын мүжіп,
Туылған болсам егер елігің боп.
Ту биік маңдайыңды күнге өпкізіп,
Шыңыңа жоталарды мінгестіріп.
Көз тартса көк орайлы белестерің,
Бұлағың бұраңдайтын қыз боп күліп.
Құлпырып жерде майсаң, таста қынаң,
Бал ағып жататұғын бастауыңнан.
Болса да дүниеде бір ай, бір күн,
Мен оны көргем сенің аспаныңнан.
Гүлдерің көзді арбаса таңда ашылған,
Алманың исі аңқыған ауласынан.
Үсті дəн, асты байлық, құшағы құт,
Өзіңдей жəннəт мекен аз да шығар.
Артынан қуамын деп арманымның,
Ауасын кеттім қиып аумағыңның.
Төлің ем, төріңде əр күн асыр салған,
Байландым көгеніне шалма жылдың.
Басың тау, баурайың бақ, ой етегің,
Шөлдетті өзіңде өткен елес-өмір.
Кетерде сүйіп-сүйіп алмады екем,
Тауыңды тас құшақтап неге сенің!!