18.09.2022
  682


Автор: Гүлайша Ерахмет

Жеңгеме

Елге жақса бір жыры мəз болатын,
Сенің қайын сіңлің қандай ақын.
Қабағына қыстырмай хан баласын,
Бақытым бұл емес деп паңданатын.
Елге айтудан ерінбей ертектерін,
Жанға айтудан жасқанбай жан жарасын.
Тұрмыс жайлы ойлауға мұрсасы жоқ,
Қамшылап келе жатыр арман атын.
Айтуға асық жақсымды елге менің,
Менің қамқор, əдемі жеңгем едің.
Ескегін күнде есіп ой кеменің,
Арман тауы əр күні көздегенім.
Өте шығар жастығым, өмір мынау,
Бес-ақ күндік емес пе? Пендеге бұл.


Жылайтын да өзіңсің алдыменен,
Шыққанымды көргенде ерге менің.
Барлық құрбым бақытты менің бүгін,
Тауып болды жарын да өмірлігін.
Менің болса түгелмей сезім жырым,
Көтерген боп келемін көңіл жүгін.
Жазылмаған көп жырым мазалап жүр,
Көңілді арман сүйрелеп, көзімді мұң.
Күйеубала келгенде берем дейтін,
Сарғайып та барады-ау көрімдігің.
Басқа қыздың алдында жеңгесінің,
Таныстырғың келеді сен де сіңлін.
Қайын сіңлің үшін қапаланба,
Отымен ойнап жүрген өнбесінің.
Судағы арман болғанда жерге сіңу,
Қыздағы арман əрине, ерге шығу.
Мынау майқы қазақтың бір серісі,
Аяулыңның тосып жүр бойжетуін.
Пешінде ерте өмірдің маздағанмын,
Маздағанмын, өртене жаздағанмын.
Шөлім қанып шəйіңе бойжетсем де,
Махаббаттың шөлі екен қанбағаным.
Жүріппін-ау əлі күнге бала екем деп,
Бала десең қыз деуге бармай аузың.
Айтқаныңа болайын, аппақ жеңге,
Əуелі берсе екен де Алла, бағын.
Анаға тəн арман ғой аңсағаның,
Жəне өзіңсің қуанар жанса бағым.
Ауылда да жігіттер аз емес ед,


Кетпедім өкпелетіп қаншаларын.
Көп секілді əлі де барар тойым,
Көп секілді əлі де айтар əнім.
Маған арнап жасаған жасауыңды,
Жайнату үшін де мен жар табайын.





Пікір жазу