18.09.2022
106
Махаббат
Талдай бойымды таудай армандар тербейді,
Үміттің құсы қолымнан келіп жем жейді.
Махаббат не деп, мазалап келем мазалап,
Ай дейтін аппақ жеңгемді.
Ол да айтып оны бермейді...
Қарақат көзім қанжар кірпіктен именіп,
Тұрса да төзем бойымды билеп бір желік.
Махаббат не деп маңғаз ойларға берілсем,
Бұрымдарымнан сипайды менің күн келіп.
Білмейді ол да, білмедік...
Тəтті қиялым ащы өкініштен таяқ жеп,
Аяңдап кете беремін сосын, амал жоқ.
Махаббат не деп таңнан сұраймын таңданып,
Аялап мені оятқаны үшін анам боп.
Бас шайқайды ол да, балам деп...
Көркемдеп көшін қызылды-жасыл гүлдермен,
Барады жылжып баянсыз мынау қыз-керуен,
Махаббат неге... Басы бос жүрген біз түгіл,
Жандар да жауап бере алмай келед үйленген,
Келемін əлі іздеумен...