Жиырма бес
Сенің отың артық еді бар оттан,
Не кисем де жарасқан.
Тартқан мұңды бұйым көрмей балақтан,
Мен секілді қыз шықпастай қазақтан,
Жүріппін-ау жүрегімді қолға ұстап,
Тағдырды ұқпай саған келіп таласқан.
Сенің ойың риясыз еді бір,
Асқақ еді көңілім.
Елестетіп таудың ерке елігін,
Көрген жанның сүйіндіріп көңілін,
Өте шықтың жымидың да қасымнан,
Жеңгеме ұқсап жеңнен тартып желігің.
Сенің түнің, күндізден түк парқы жоқ,
Таңсаларға тартып ек.
Ақын да боп, əнші де боп, шалқып ек,
Ханның күткен ханшасынан артық ек,
Бізсіз қызбай құрбылардың тойлары,
Бізсіз биге баспайтұғын шаршы топ.
Сенің арқаң бізде биік көріндік,
Сияқты еді сенім нық.
Сен басымда жүрер деппін өмірлік,
Бір жыл ғана шуағыңа шомылдық.
Кей кісілер сыртымыздан тон пішіп,
Алу үшін асығатын келін ғып.
Сенің күлкің қылығындай сəбидің,
Аңқау еді табиғи.
Сол күлкімен ойын жаулап ғалымның,
Сағынышы болған да едік сан ұлдың.
Менің гүлдей ғұмырыма сыйланған,
Сауғасы сен екенсің-ау Тəңірдің.
Жиырма бес....