Бала күннің ғашығына
Əлі жүр көңілімнің архивінде,
Сүюді үйреткенсің тал түбінде.
Кеппеген ана сүті таңдайынан,
Ауылдың өскен бала ек тəртібінде.
Шөлдесем елестетіп от ерніңді,
Көрмесем сағынушы ем жарты күнде.
Қасыңнан кеттім ұзап қайсы күні мен,
Тағы саған қоштасып тал түбінен.
Алайда, сені ұмыт ете алған жоқ,
Қаланың ауылдан зор салты мүлдем.
Тал да өсіпті, болыпсың таудай жігіт,
Жағдайыңды естідім жалқы жүрген.
Арада өткен азғантай жылда мынау,
Өзгертті өмір неше ырғағын-ау.
Жігіт бопсың естідім жырға құмар,
Қызыл көздеу болмапсың қызға құмар.
Құдай-ау тым болмаса бір тіл қатпай,
Қылдан нəзік жанымды қинадың-ау
Жырдан іздеп мен кеттім жүрек емін,
Əлі арманым боп жүрсің міне менің.
Өш алуға махаббат келмейді екен,
Өшпенділік емесін білем оның.
Содан кеттім, білім боп тілегенім,
Жаза алмады өкпеңді мың өлеңім.
Тек оқуда қалған соң барлық үміт,
Əрбір атқан қарсы алдым таңды күліп.
Қаладағы оқуды тамам қылып,
Қайта ауылға оралдым қайрылып.
Мұндағы жұрт жінігіп жаңалық деп,
Тасжол жасап жатыпты, талды қиып.
Ауылдан да əр тайды біз бойжеткен,
Талды кестік Тəңірден именбестен.
Бізден бұрын сүйісіп қаншама жас,
Қаншама ұл, қаншама қыз кездескен,
Бақшаның да есігі құлыптаулы,
Бақтардың да сиқы анау біз кездескен.
Қисық өскен ағашты сүйеу керек,
Талды қимай, қисайса түзеу керек.
Өткен күнді, өзіңді жəне талды,
Ойласам-ақ жүрегім жүдейді ерек.
Тал түбінде кездеспей жастар енді,
Тар төсекте табысып жүрер ме деп.
Ал, ауылда сен жүрсің мұңға үйленіп,
Жалғыздыққа қалыптық бізде үйреніп.
Басқа жердің бау-бағын көргенімде,
Күрсінемін, кеудемді бір мұң керіп.
Талды көрсем тəп-тəтті мұңға батам,
Талықсып бір түбінде тұрғым келіп.