Өмір
Жақсылығымен күлдіреді өмір,
Жамандығымен бүлдіреді өмір.
Көлдің бəріне аққу құс қайда,
Үйрек пен қазын жүздіреді өмір.
Алмайтын затты алғызады өмір,
Бармайтын жерге барғызады өмір.
Аппақ тамақты əжім басса да
Жақұттан алқа салғызады өмір.
Жақыныңды да жат қылады өмір,
Асылыңды да дат қылады өмір.
Мергеннің бəріне бесатар қайда,
Ши оқпен де аң атқызады өмір.
Опалы ұрпақ сүйгізеді өмір,
Оқалы тон да кигізеді өмір.
Жігіттің бəріне ақбоз ат қайда,
Қараға, торыға мінгізеді өмір.
Тəттісін беріп алдатады өмір,
Ащысын беріп зарлатады өмір.
Жібектің бəріне Төлеген қайда,
Бекежанды да таңдатады өмір.
Талайды кейде зор қылады өмір,
Дəмені кейде қор қылады өмір.
Гүлдің бəріне көбелек қайда,
Қоңыздарын да қондырады өмір.
Тəубеңе талай келгізеді өмір,
Əрнеге көңіл бөлгізеді өмір.
Жүйріктің бəріне бас бəйге қайда,
Мəстекке жүлде бергізеді өмір.
Жабағыңды да ат қылады өмір,
Танауыңды да тасқа ұрады өмір.
Сарайдың бəріне салтанат қайда,
Төріне қанден бақтырады өмір.
Күйіктен біреуді жылатады өмір,
Биіктен біреуді құлатады өмір.
Пенденің бəріне мəңгілік қайда,
Бəрімізді де ұзатады өмір.