18.09.2022
  119


Автор: Гүлайша Ерахмет

Өлең жайлы

1
Музамен дос, прозамен бөле едің,
Жерге əсте көме алмаған сені өлім.
Заманға сай жазамын деп зорласам,
Кешіре көр, өлеңім.
Серігім де сен едің.
Тегіңнен-ақ бабаң еді қара өлең,
Сол үшін де сүйінетін саған ел.
Сасқалақтап саған қысым түсірдім,
Шарт қойған соң маған ел.
Құшағыңнан пана бер.
Қамап қойып қиял дейтін қораға,
Түсіп кетсем тірлік дейтін додаға.


Өзі нəзік жүрегімді текпілеп,
Жыламай ғой, бола ма?!
Əй, саған да обал ə.
2
Беруші ең жанға жігер, өмірге айбат,
Жүрмеуші ең көрінгеннің қолында ойнап.
Зердеден теңге үстем бұл заманда,
Сен маған қоныпсың-ау сорың қайнап.
Күнім жоқ саған бақыт тілемеген,
Қарғысыңды заманға айт киелі өлең.
Бір анадан туғандар араздасып,
Тебісіп жүр туғандар бір енеден.
Кеудеңнен итермеп ед еш алашың,
Ол кезде асқақ еді десе де атың.
Ғасырдың қабағына қараймын деп,
Болған да шығармын мен осал ақын.
Жыр жазып, жыр оқуды ескішілдік,
Деп айтқан соң əлдекім, көп қысылдық.
Заманға сəйкесейін деген оймен,
Қалам да қолдан кейде кетті сырғып.
Санасында əркімнің тұрмысы жүр.
Қайдан болсын жүрекпен жырды сүю.
Қайда барсаң қаптаған назария,
Көңілдерге сіңе алмай жыр құсы жүр.
Араз боп сені сүймес жарандармен.
Дос болдым сені ұнатқан адамдармен,
Ақынын əкімінен биік көрген,
Сағындым кешегі өткен заманды əбден.


Іздеп жүр интернеттен ұлың бақыт,
Қызығып қоймас саған қызың да түк.
Сені мүлдем ұмытқан жұрт ішінде,
Көтеріп жүрмін сені шырылдатып.
Ашиды саған жаным, көкем өлең,
Көгерер мезгілің ед көсегең ең.
Баяғы айбатыңнан айрылмас та ең,
Басына көтергенде осы ел егер.





Пікір жазу