18.09.2022
  126


Автор: Гүлайша Ерахмет

Алаңдама, анашым

Қиялдарым сүйрелеп қаламымды,
Ақ қағазға қадасам жанарымды.
Кейде өкпелеп қаласың қарғашыңа,
Салмадың деп сөзіме назарыңды.
Жазып-жазып алайын жазарымды,
Жырлап-жырлап алайын бала күнді,
Түймеші ана, қызыңа қабағыңды.


Ұмыт етсем қазақи дəстүрімді,
Қастерлеуді білмесем жастығымды.
Шашу қылып əркімге шаттығымды,
Намысты ұқпай көрсетсем настығымды.
Өз қолыңмен жағымнан тартып жібер,
Əлімді ұқпай көрсетсем асқынуды.
Көмген жерді сүймесем кіндігімді,
Ұғынбасам қымбат деп қыз ғұмырды.
Тиянақтандыра алмай тірлігімді,
Арнамасам адамға бірлігімді.
Сонда ғана қабағың керек маған,
Үнсіз тартып қоятын тізгінімді.
Қатар өскен көршінің қызын көріп,
Қиналасың тұрғандай гүлің кеміп.
Мен мектептен оралсам құзыр болып,
Қуанасың жатқандай қызыр қонып.
Əкем мəз боп жүргенде жырын көріп,
Қызыңнан алаңдайсың бүгін неғып.
Шаш ағартып көбейтіп сырқаттарын,
Ана болмас ойламас ұрпақ қамын.
Қыз тапқаның жан ана ұлтың үшін,
Ұрпақ үшін болса да ұл тапқаның.
Құмай болмай ойлайтын құрсақ қамын,
Жастығымның жазамын жыр-тақпағын.
Қасындасың жан ана əр ісімнің,
Өмір екен бұл да бір жарысы мың.
Ақылы бар қыздардың бəрі əпке,
Ұяты мол қыздардың бəрі сіңлім.


Мен жалғыз емеспін ғой, жаным ана,
Қыз болсам да халқымның арысымын.
Жырлап жатса жігітті жырым кейде,
Қиналасың қиялмай гүліңді елге.
Құшағыңда еркелеп өсіп келем,
Гүлің болып жайқалып жұмыр белде.
Асыға ма шапқанға, жүйткігенге,
Кісінейді менде де құлын кеуде.
Ақ сүтіңмен дарыған қайрат маған,
Сен аман бол аяулы, ардақты анам.
Білем мені өзгеге қимасаң да,
Тағы сырмақ тігесің арнап маған.
Сенің арман гүліңмін шаң баспаған,
Өрісіңмін жан ана жан баспаған.
Шуақ бол деп өсірдің елге нұрлы,
Айта беріп қайтемін елге мұңды.
Қарбаластық қажытып қарғашыңды,
Қиял деп аталатын көлде жүзді.
Өтеп бере алмадым еңбегіңді,
Жуып бере алмадым көйлегіңді.
Ақындардың есіңе ап кешірмесін,
Күрсінесің жан ана несін, несін.
«Ақын қыз» деп атап жүр халық мені,
Мені өзің батыл ғып өсіргесін.
Қиянды шарлайды ғой қырандар да,
Қанаты мен тырнағы жетілгесін.
Бойжеткені болған соң замананың,
Бақытымды басқаша бағаладым.


Мен төріңнің он күндік қонағымын,
Он бесінде ойлантқан ағаларын.
Тілейтін Тəңірінен бала бағын,
Тəлейіме аман бол ана жаным,
Түймеші тек қызыңа қабағыңды.





Пікір жазу