18.09.2022
  124


Автор: Гүлайша Ерахмет

Жылатпасын құдайым

Сəби жылар қарны ашқанда емем деп,
Кəрі жылар ажал жетсе өлем деп.
Сен жылайсың маған жетпей келем деп,
Мен жылаймын ақ қағазда өлең боп.
Су жылайды барар жерім құрдым деп,
Хайуан жылар тіршілігі бір мұң боп.
Сен жылайсың бір сен үшін тудым деп,
Мен жылаймын өтіп кетер бұл күн деп.
Шындық жылар жалғандықтар еріп ап,
Сұмдық жылар ақиқаттан безіп ап.
Сен жылайсың телефонды беріп ап,
Мен жылаймын жатағыма келіп ап.


Гүл жылайды күз келгенде бақтағы,
Əн жылайды əуелемей аспаны.
Сен жылайсың сүймеймін деп басқаны,
Мен жылаймын бекітіп ап қақпаны.
Көл жылайды аққу-қазы кеткенде,
Жер жылайды қуаныштан көктемде.
Сен жылайсың мендей болмай еш пенде,
Мен жылаймын оңаша қап кештерде.
Аққу жылар адастырса сыңарын,
Орман жылар өрт жалмаса шынарын.
Басымыздан үміт қалсын мына мұң,
Жыламайық, жылатпасын Құдайым.





Пікір жазу