18.09.2022
  175


Автор: Нұрбек Нұржанұлы

Жоғалмас байлық

Жылады, жас жүрек жылады,
Сөнгендей кеудемде шоқ үміт.
Құлады, от жұлдыз құлады,
Қап-қара аспанға шомылып.
Тұрады, сенемін тұрады,
Жоғалмас шыңдарға соғылып.
Сыңғырлап сезімнің сыр үні,
Кеудемнің алады мазасын.
Гүлдерден жасалған бұрымы,
Таудағы өзенсің, тазасың.
Жүректі жоғалтқан ұрыны
Мұңайған тоғайдан табасың.
Жүректің керегі шамалы,
Байлық жоқ, сенделген мұң ғана.
Мұңменен салынған қамалы,
Жан-жағы құла дүз, құм, дала.
Жұлдыз бар дос болған саналы,
Түсінген жүрегін түн ғана.
Жоқ, досым! Жүрексіз жүрмеймін,
Көнбесін көңілім құмартып.
Тас кеуде, шөл дала болмаймын,
Өтсем де өмірден мұң артып.
Жүрексіз атақтан, байлықтан
Мұңайған жүрегім мың артық.





Пікір жазу