18.09.2022
  338


Автор: Нұрбек Нұржанұлы

Түнгі ой...

Жүректердің тас екенін сезініп,
Қара кеште қалдым тағы езіліп.
Ағынына қарсы жүзіп заманның,
Кетіп барам...
Ғасырдан да безініп...
Күзге, білем, алыс көктем, алыс бақ,
Жүріп келем бұл қоғамнан қалыс қап.
Сағаттарға қарсы жүріп келемін,
Кетіп барам...
Уақыттан да алыстап...
Қарашы әне, заман тұр ғой тұнжырап,
Адам үшін Ай мұңайып, түн жылап.
Күз бен көктем ортасында адасып,
Кетіп барам...
Мезгілден де тым жырақ...
Мекеніңнен мұң мен тамшы — қос ғашық,
Жанарымның терезесін аш та шық!
Әр жүректің маңдайынан иіскеп,
Кетіп барам...
адамзатпен қоштасып...
Даланы гүл, тауды жатыр тас мақтап,
О, жүрегім! Қайда кеттің асқақтап?
Мұң табы бар әжімінде жанымның,
Кетіп барам...
Өзімнен де қашқақтап...
Шашылады күміс шашы мойныма,
Адамзаттай жетім түнде, Ай мына!
Кетіп барам күннің сіңіп көзіне,
Кетіп барам түннің сіңіп қойнына.


Белгісіз үн естілмейтін айтады ән,
Бейуақта мұң табамын, ой табам.
Түсіну үшін бұл өмірді, өзімді...
Кетіп барам, келу үшін қайтадан.
Қалай жүрем жанымдағы кірменен!
Жылаймын да, жұбанамын жырменен.
Келіп қалам түн сыйлаған мұңменен,
Келіп қалам күн сыйлаған нұрменен.
...Таңертең.





Пікір жазу