Біз студентпіз, жалынбыз!
Қаланың мынау мінезін бөтен аңғардым,
Ауылдың қара баласы едім аңғал тым.
Үлкен шаһарда кішкене жүрек соғады,
Сезбейді соны, сезбейді неге!?
Таңғалдым...
Қабат үйлердің қабақ түйген мұң тұрғыны,
Студент болдым, жалындап жанып бір күні.
Сол кезден бері ұмытам кейде шер, мұңды,
Сол күннен бері ұмытам кейде күлкіні.
Өмірді біреу, біреуді өмір жеккөред,
Жайқалды, өсті шомылып нұрға көк терек.
Басталды әне, ұйықтап қалу, кешігу,
Басталды тағы өмір көшеде кептелек.
Сезімге келсек, ұяң едік қой, қайттік біз?
Жібердік хаттар өлең ғып, жыр ғып айттық жүз.
Сері жігіт боп шығарып сап қызды үйіне,
Ақшасыз жаяу әндетіп талай қайттық біз.
Тып-тыныш жүру болатын бізге абақты,
Былғары күпі кидік те түйдік қабақты.
Киініп мұздай, қырындап қызға кетуші-ек,
Ұмытып үйді, ұмытып мүлдем сабақты.
Ғашық та болып, қиялдап, сүйіп, жырладық,
Самғадық көкте, мекендеп жерде тұрмадық.
Көшеде өскен ұрладық жұлып раушанды,
Білмеппіз сонда, жүректі алдық ұрлатып.
Бұзық та болдық, төбелеске едік құмар біз,
Жекпе-жек келіп күштің де күйін сынармыз.
Тағдырдың, досым, соққысын байқа тым басқа,
Құлармыз білем, бірақ та түбі тұрармыз.
Жаздыққа қалдық, қоржында үш пен екілік,
Өткенге қарап, бүгінге қарап өкініп.
Қара жұмысты аянбай істеп пұл таптық,
Жүрекке қара дақ түсірмеуге бекініп.
Лекция болса, ойлаймыз кешкі сауықты,
Сессия! Айтпа, еске алсаң да қауіпті.
Өтеді бәрі...
Терезе жылап қалған ба?
Шіркін-ай, бәсе!
Өткінші жауын жауыпты.
Біз студентпіз, жалынбыз, отпыз, жігерміз,
Өмірді сүйіп жылармыз, кейде күлерміз.
Сүрініп жүріп, құлап та тұрып, әйтеуір,
Өмірді мынау, сүрерміз түбі білерміз.
Көшесі шумақ, айналды қала өлеңге,
Тағдыр-көшеде адаспай түзу келем бе?
Алып шаһарда, жанады әлсіз бала шам,
«Жарық болам» деп, «жылу болам» деп әлемге!