Неліктен біз...?
Мезгілімен жемістер де пісуде,
Мезгілімен жапырақтар түсуде.
Автобуста аялдама күтпей-ақ,
Неліктен біз асығамыз түсуге...?
Өзімізді ой тұманнан таппаймыз,
Болашақты күдер үзіп жоқтаймыз.
Баяу жүріп, жүгіреміз жолдарда,
Неліктен біз адыр көрсек тоқтаймыз...?
Бола қоймас күнсіз бұлт та, шың таусыз,
Ән тербемес жүректерді шырқаусыз.
Жылы сөзді қия алмаймыз өзгеге,
Неліктен біз аузымыз бар мылқаумыз...?
Жапырақты жамылғанмен тақыр күз,
Жемісі жоқ жүректерміз, пақырмыз.
Өзге жанның жақсылығын көрмейміз,
Неліктен біз көзіміз бар соқырмыз...?
Күтіп тұрса алдымызда терең құз,
Қалай ғана жүре аламыз елеңсіз.
Ұмытамыз ғибрат айтса дін жайлы,
Неліктен біз құлағы бар кереңбіз...?
Өмір болмас сынақтарсыз, сабақсыз,
Иман көйлек кірлеп қалған, салақпыз.
Алуды біз білеміз тек, бермейміз,
Неліктен біз қолымыз бар шолақпыз...?
Тірі болса төсіңдегі бір етің,
Тек баянды ғұмырың бар сүретін.
Қол созбаймыз бір бауырың құласа,
Неліктен біз мүгедекпіз жүретін...?
Ғұмырымыз қалды қазір көріктен,
Қалды тағы иман деген серіктен.
Сүреміз біз бұл фәниді мәңгідей,
Біле тұра жалғандығын, неліктен ...?
Әдемі-ақ келбетіміз, сыртымыз,
Жүрегіміз көрсетеді бұлқыныс.
Жер жаһанға көрінсекте сап-сау боп,
Зағип біздің жүрегіміз, рухымыз.