Қара шал...
Ермек атама
Жел тербеген жусан, шалғын биіне,
Қарап тұрып сағынышым үйіле,
Асығамын өткеніме кешегі,
Балалығым қалған сонау үйіме.
Қара шалдың мен едім ғой баласы,
Мынау біздің Нұрбек-ау деп шамасы.
Ескі үйдің есігінен көрінед,
Тақиялы қарияның қарасы.
Біздің шалдың шаштарында ағы бар,
Іздесеңіз селдір бақтан табылар.
Қара шалдың құс жүрегі, жаны ақ,
Келбетінде бейнетінің табы бар.
Атам кейде ақын болад, хәкім де,
Құлақ түрем зор дауысқа, пәк үнге.
Тракторшы болған бұрын біздің шал,
Бір көрген жан ұқсататын әкімге.
Мынау дала біздің шалдай тым жазық,
Жүрегіне қадап алад мұң қазық.
Қаншалықты ашуланса қара шал,
Жаны оның соншалықты тым нәзік.
Көкте жанған шомылады отқа түн,
Намыс ерге, бәйге шындап атқа сын.
Шалың қазір конторда жүр қарауыл,
Қарауылдап жүр ғой тағы отбасын.
Өсиетіңнен өскен мынау сыршыл бақ,
Қарға қонып, бұлбұл сайрап жүр шулап.
Маңдайыңа өрнектелген әжіммен,
Мынау өмір өлең жазған бір шумақ.
Құйқалы адыр, қалың таулар, мол жайлау,
Қабат-қабат таудай үйлер шалғайлау.
Бұлыңғыр жауын, қара суық қаладан,
Бәйтерек шал, жапырағың сарғайды-ау.
Көктем іздеп таң сәулесін құшады,
Қиял құсы өткен шаққа ұшады.
Талай жылдар ызғарында тағдырдың,
Тон болды ғой сезім толы құшағы.
Менің теңіз мұңдарымды, түн, ұртта!
Сағынышты сергелдеңде шұбыртпа.
Қара шалың киіп ескі шидемін,
Ақ тоғаймен сырласады ымыртта.
Сырын айтты жапыраққа, шөпке де,
Арман гүлін жүретұғын көкке еге.
Арқалайтын мені ылғи ат болып,
Арқалап бір апарсамшы Меккеге.
О, сағаттар! Қара шалым қартайды.
Сары балаң сағыныштан сарғайды.
Тереземді ұрғылайды әр тамшы,
Жүрегімді соққылайды әр қайғы.
Бұл қария жан емес қой шалқайған,
Жан әлемі емес жүдә қартайған.
Білім том-том парағында ойының,
Кітабым ғой мұқабасы сарғайған.
Жүрегіне сыйған жылу, сыйған Күн,
Жанарына жиған шаттық, жиған мұң.
Күпісінде иісі бар жусанның,
Жүрегінде жұпары бар иманның.
Қара таудың бұлт басыпты басын да,
Қара шалдың ақ басыпты шашын да.
«Он төртімнен еңбек еттім» дейді шал,
«Сен оқышы, оқымадым жасымда».
Есімде ғой шер жаңбырдың төккені,
Мұң көйлектің кеппегені-кепкені.
Мойынына отырғызып алатын,
«Тек биіктен көрінсінші» деп мені.
Қатып қалған жүректерді түн тілсін!
Жылуы жоқ жанарларға Күн күлсін.
Кешкі салқын отырады шәй ішіп,
Шәй іше ме, мұң іше ме, кім білсін?
Құс жолынан ғарыш үні шыңылдап,
Ән айтатын шегірткелер шырылдап.
Оятқышым болатұғын таңертең,
Қара шалдың тракторы дырылдап.
Тікен, тасты алып тастап жолынан,
Айналасың осы үйдің шалынан.
Өз сағатын санап жатқан секілді,
Сағатын да тастамайды қолынан.
Шындық үшін өмір сүрді от ары,
Жұмбақ әлі бұл жанардың батары.
Трактордың жөндей беред моторын,
Кеудесінің тоқтамасын моторы.
Қарызбын ғой қара шалға, ақ шалға,
Мұңы жанад көкжиекте, от, шамда.
Бір кездері сәби болған таңертең,
Енді, міне бара жатыр ақшамға...