Мұңсыз хан
Ерте заманда бір хан халқын түгел жинап: «Мен үш түрлі сұрақ сұраймын, кімде-кім сол сұрағымда тапса, қаласа орнымды беремін, қаласа өзі тойғанынша алтын, гауһарлар беремін. Егерде менің сұрағымды табамын деп таба алмаса, ол анық басын аламын», – дейді.
Сонымен халық күнде апыр-топыр, патшаның алдына келмеген адам жоқ, бірақ ханның сұрағын естіген соң, мен табамын деп ешбір жан айта алмай, күнде насай-топыр болыпты. Сонымен бірнеше күндер өтіпті. Бұл кезде сол шәрінің сыртында он үш жасар жалғыз қызы бар, кемпірі өлген өте кедей, қолында түк малы жоқ бір шал тұрады екен.
Бір күні шалдың қызы әкесінен:
– Әке, осы халық неғылып күнде-күнде топ-топ болып жиылып жүр, – деп сұрайды.
Сонда әкесі:
– Балам, ол жиылып жүрген халықтың шаруасымен біздің не жұмысымыз бар. Біздерге білу лайық емес, шаруа жиылып жүрген ел болар, – дейді.
Сонда қызы:
– Әке, біз де адам баласымыз ғой, көпшіліктің не үшін жиылып жүргенін білгеніміздің не зияны бар, – дейді.
Сонда шал:
– Ендеше балам, ол көпшіліктің күн сайын опыр-топыр болып жиылып жүрген себебі ханның үш ауыз сұрағы бар екен, соны тапқан адамға өзі тойғанша алтын, немесе хандығымды беремін депті. Ханның сол сұрауларына жауап бере алмай жүрген ел, – дейді.
Сонда шалдың қызы әкесіне:
– Әке, ондай болса сіз ханға барып, мен сұрағыңызға жауап беремін деп айтыңыз, ханның сұрағын қанша қиын дейсіз, – дейді.
Әкесі:
– Ойбай, қой балам, бүкіл халық таба алмаған сұрақты табамын деп пәлеге қаламыз, – дейді.
Қызы:
– Әке, сіз тәуекел деп қорықпай-ақ ханға барып, сұрағыңызды мен табамын деңіз. Қанша ауыр сұрақ дейсіз, барыңыз, – деп әкесінің мазасын ала берген соң, шал ханға келіп:
– Тақсыр, мен сіздің жұмбағыңызды табайын деп келдім, – дейді.
Сонда хан шалға:
– Шалым, менің сізден сұрайтын жұмбағым мынау, – дейді. Қатты не? Тәтті не? Қымбат не? Міне осы үш түрлі сұрағыма жауап беру үшін үш күн рұқсат беремін, үш күн ішінде осы жұмбағымды тауып берсең, өзің тойғанша алтын беремін. Егерде таба алмасаң, басыңды аламын, – дейді. Шал байқұс бұл сөзді естіген соң, есі шығып, үйіне келіп:
– Ойбай, балам-ай, ханға бар деп болмай, әкеңнен айрылатын болдың, мен енді өлемін, – жыламсырай бастапты.
Қызы:
– Қорықпаңыз әке, ханның айтқан жұмбағын айтсаңызшы, – депті.
Әкесі:
– Әй, балам-ай, оны сұрап қайтесің, бізге енді сұрап алған аурудың емі табылмайды, қой, балам, сұрақ сұрама, – депті.
Қызы:
– Әке, ханның жұмбағын айтыңыз, таба алмайтын несі бар дейсіз, – дей берген соң, шал ханның жұмбағын бір-бірлеп айтып береді.
Сонда қызы:
– Әке-ау, қорқып жүргеніңіз осы ғана ма? Оңай сөз ғой, – дейді.
Әкесі:
– Әй, балам-ай, біз таба алмайтын болған соң, оңайы не керек, – дейді. Қызы ханның айтқан жұмбағының шешуін түгел айтып, түсіндіріп, әкесін алдына жібереді.
Шал ханға келіп:
– Тақсыр, жұмбағыңызға жауап бергелі келдім, – дейді.
Хан күліп:
– Я, байқұс шалым! Қане сөйле, – дегенде, шал:
– Сізің сұрағыңыздағы дүниеде не қатты дегеніңіз жарлылық екен, не тәтті дегеніңіз тату көңіл, махаббаттық, не қымбат дегеніңіз адам баласының уәдесі қымбат дегеніңіз. Қатесі болса, өзіңіз айтыңыз, – дейді.
Сонда хан тұрып:
– Осы жұмбағымды өз ойыңмен тапсаң, менің дегенім деген, тойғаныңша алтын беремін, егерде біреуден естіп айтқан болсаң, басыңды аламын, ол үшін ертең маған жауап бересің, – деп, шалды шығарып салады. Шал байғұс тағы қорқып, үйіне келіп қызына:
– Мен қайтсем де өлетін болдым, жұмбақтарын мен өз ойыммен таппағанымды біліп қойды, маған «осы жұмбақтарды өз ойыңнан тапсаң, тойғаныңша алтын беремін, егерде біреудің айтуы бойынша тапқан болсаң, басыңды аламын», – деді. Енді менің өлмеген нем қалды, – деп кемсеңдей бастағанда қызы күліп:
– Әке, қорықпаңыз, сізге ол туралы келер сөз жоқ, – дейді. Әкесі қорқа-қорқа ертесі ханға келіп:
– Жұмбағыңызды мен өз ойыммен таппағаным рас еді. Сіздің жұмбағыңызды тапқан менің қызым еді, – деп шал ханның алдында мүлгіп тұрыпты. Сонда хан осы жұмбақтарды қызыңның тапқанын рас па деп қайырып сұрайды. Шал жыламсырап:
– Тақсыр, қызымның тапқаны рас еді, – дегенде, хан:
– Ондай болса жарайды, тіпті жақсы, осы жұмбақтарды тапқан болса, сіздің балаңыз өте ақылды бала екен, ханға лайық екен, бұйрық болса, мен сізге күйеу болсам, сіз маған қайын ата болсаңыз қалай болады? Ол туралы сіз балаңызбен ақылдасып, маған бір жауабын берсеңіз қалай болар екен, – деп хан күлімсіреп жауап беріпті.
Шал қуанып, терісіне сыймай кетіп:
– Болады тақсыр, болады, – деп ханның ордасынан шығып, жүгіріп отырып үйіне келіп қызына:
– Балам, іс оңына келді, хан мені өлтірудің орнына мынадай сөздерді айтты, – деп, ханның айтқан сөздерін бастан-аяқ түгел айтып береді. Сонда қызы:
– Әке, ондай болса барып ханға айтыңыз, мен баламмен ақылдастым, балам риза болды, хан менің қалың малыма он үш тұсақ, жиырма ісек, отыз пышақ, қырық қылыш, елу ерттеулі ат, алпыс арқандаулы ат, жетпіс шідерлі ат, сексен қубас берсін, сонан кейін екеуіміздің некемізді бір мұңсыз адам қисын деп айтты деңіз, – дейді.
Шал ертесі ханға келіп қызының айтқан сөздерін түгел айтып береді. Отыз пышақ пен қырық қылышты және елу атқа ертоқым жасатып, олардың барлығы даяр болғанда, енді дүниеде мұңсыз адамды қайдан табамыз, – деп хан ары-бері ойланыпты. Ойластырып қараса, осы ол хан балалы да, байлық, салтанатқа да, қандай мұң болады деп, бірнеше уәзірлерін қасына ертіп, Мұңсыз ханның еліне келіп, ханның сарайында қонақ болып отырып, шаруасын бастан-аяқ түгел сөйлеп беріпті. «Сізде мұң жоқ шығар, біздің некемізді қиып берсеңіз деп келіп едік», – дегенде, мейман қылып отырған Мұңсыз ханы қатты ренжіп, қиналып отырып:
– Ой, сендер ел емес екенсіңдер ғой, бір ханға қарайтын сонша халықтың сол он үш жасар бір қыздың ақылы сияқты бір адам шықпаған соң сендерде елдік барма? Сендердің надандықтарың ақырында менің жасырын сырымды ашатын болды дей келіп, мұңсыз хан:
– Сіз алашақты болып жүрген қыз он үш жаста екен. Ол қыздың сізге берген жауабы мынау: «қалың мал үшін он үш тұсақ бересің» дегені мен он үштемін, адам баласы жиырма жаста ісектей, отыз жасында пышақтай, қырық жасында қылыштай болады. Сіз осының бәрінде де емессіз. Адам бұл жастан өткен соң, ер адам елу жасында ерттеген аттай, алпыс жасында арқандаған аттай болады. Ал енді сіз бұл жаста да емессіз. Ер адам жетпіс жаста шідерлі аттай, сексен жасында қубас сияқты болады. Сіз шідерлі ат пен қубастың ортасында тұрып, он жастағы маған қалай лайықсыз дегені екен. Сонымен қатар некемізді мұңсыз адам қиын дегеніндегінің мәні дүниеде мұңсыз адам бола ма? Мұңсыз деп әдейі іздеп келген менің басымдағы мұңды және сырымды сендердің надандықтарыңнан айтуыма тура келді, – деп келіп, мұңсыз хан өзінің ішкі сырларын сөйлей бастайды.
Мұңсыз хан:
– Менің үлкен әкемнің хандығы өз әкеме қалып, әкем тірі кезінде маған бір ханның қызын әйелдікке алып береді. Амал бар ма, менің әйелге кемшілігім барды, оны әйелім екеуімізден басқа бір адам білмейтін еді. Сонымен көп ұзамай, әкем ауырып, қайтыс боларында халқын жинап алып өзінің тірі кезіндегі мені өз орнына хан сайлап, өзі ақырғы сапарына жол тартып кетті. Сонымен мен әкемнің мұрегері болып, әкемнің орнына хан болып, хандыққа тұрып, басшылық етіп тұра бердім. Әйел жағындағы кемшілігімді әйелім екеуімізден басқа еш адам білмейді. Алла қосқан бұл жасырын сыр маған өмірлік болған соң, әйелімнің өмірін бекер өткізу тура келмеді. Сондықтан әйеліммен ақылдасып, сенен туған бала менікі болсын, мен өзімнің бас уәзірімен рұқсат еттім, бұларды үшеуімізден басқа жан білмесін дедім. Сонымен менің әйелім өзім рұқсат берген бас уәзіріммен осы жүрген балаларымды тапты. Алланың қосқан кемшілігіне пендесінің шарасы жоқ екен. Уәзірімнен туған балаларды бала қылып, бұл сырды үшеуімізден басқа ешкімге білгізбей бір қанша жылдар өмір өткізіп келдік. Шындыққа келгенде әйел де, бала да менікі емес, сонда мені «мұңсыз» деп келіпсіңдер, ал енді осыдан артық мұң, осыдан артық қайғы барма? Сендердің надандықтарыңнан менің өмірім мен бірге кететін ішкі сырымды жарыққа шығаруға тура келді, – деп мұңсыз хан барлық сырын айтар келіп, мен мына әйелімнен туған балаларды өз әкесіне беремін, онымен бірге хандығымы қосып беріп, өзім ендігі қалған өмірімді Мекеге барып, сонда өткіземін. Ал енді сенің еліңе он үш жасар қыз хан болуы керек, ол қыз кімге үйленемін десе өз ықтиярында, – деп Мұңсыз хан үкім шығарыпты.
Ақырында шалдың он жастағы қызы өзі тұрған шәрісіне хан болыпты. Мұңсыз хан әйелін, әйелден туған балаларын бас уәзіріне беріп, өзі Меке Мединеге барып, қалған өмірін сонда өткізіпті.