17.09.2022
642
ҒАШЫҚПЫН САҒАН, ТАБИҒАТ
Иірген алтын жіптің дәу ұршығын,
Нөсерге төсеп жасыл сауырсынын.
Шың-батыр қасқаяды маңдайына,
Қадап ап құстың аппақ қауырсынын.
Достар-ау, сұлулықты жай ұғып па ек,
Мінеки, қоңыр бұлттан ағып көк.
Еркелеп сұлай кетті жер төсіне,
Күн-қыздың кұміс шашы жайылып кеп.
Сыр бүккіш құбылысын атыраптың,
Желпінген сезіміме бақылаттым.
Жалт етіп жалғыз тамшы аунап түсті,
Қиығынан тостаған көз жапырақтың.
Жалтырап жуынғандай нұрға шықтар,
Тұр, әне, бір-бірімен ымдасып тал.
Ол менмін ғой табиғат, ол менмін ғой,
Десең егер өзіме бір ғашық бар!..