МЕНІҢ ТОЛҒАУЫМ
Соғыс жылдың сұрқай күзі, суық түн,
Майданда әкем жүрген кезде туыпппын.
Таршылықтың тақсіретін тартсам да,
Қол қусырып отырмадым қуып мұң.
Көп ұзамай қар тұмшалап жер үстін,
Бастапты жұрт қамын келер егістің.
Сол көктеммен бірге келіп қуаныш,
Сәт сағаты соғыпты ұлы жеңістің.
Азаматтар алыс жолдан оралып,
Жүре берді тұрмыс мүлде оңалып.
(Қара қағаз... өз әкемнің қазасын
Ер жеткен соң, естіп, білдім мен анық).
Шат өмірде шекпей мұң мен қайғыны,
Жарқын болды көңілімнің айдыны.
Отанымды мақтан етіп есейдім,
Күллі әлемді таңдандырған айбыны.
Мектеп бардым, мерейлене оқыдым,
Ғылым сырын көкейіме тоқыдым.
Аяулы анам, сеніп маған көз жұмды.
Ұшқындарын сыйлап жүрек отының.
Мақсаты ортақ, тоғыстырған арманың,
Жарқын жанды досқа толы жан-жағым,
Қалаулысы болу үшін халқымның
Қасиетті мамандықты таңдадым.
Жұмысшымын лапылдатып домнамды,
Жалын сүйген мынау шымыр қолдарды.
Шын пейілмен тарту етем еліме,
Тасқындаған адал еңбек-олжамды.
Мекен-жайым ̶ алып завод, мартенім,
Келгендерге ұсынатын бар төрім,
Мұнда қызу қимыл менен қозғалыс,
Жарыс, алда болудың зор шарты ̶ өнім.
Пеште болат от бұлағы секілді,
Жылжып ағып, әне, алға секірді.
Қазандағы сапырылған сап құрыш,
Сапалы боп қорытылып жетілді...
Міне, осылай өтеді шат күндерім,
Еңбегімнің жемісі ̶ өскен гүлдерім.
Баба,
Әке аманатын ақтаған
Азамат деп, берді маған жүлде елім.