ӘКЕМ АЙТАДЫ
Қайғы мен зар арылмай жас көңілден,
Өкінумен өтер едім өмірден.
Сахараға Ұлы Октябрь дабылы
Жетпесе егер сәуле шашып көгімнен.
̶ Большевиктер панасызды қорғайды,
Қанау, қорлау енді мүлде болмайды.
Барлық адам қол жеткізіп теңдікке
Коммунистік жарқын қоғам орнайды!
Деген ұран кең далаға таралды,
Жарлы-кедей қарсы алды бұл хабарды.
Әрбір таңнан күтіп жаңа жақсылық.
Алғы түнге тікті үмітті жанарды.
Көппен бірге мен де шындап қуандым,
Сапқа тұрып қолға қызыл ту алдым.
Талаптанып, ой-санамды өзгертіп
Лениндік идеямен суардым.
Шекарасын ажыратып таптардың
Қару ұстап, күреске ұлы аттандым
Аманкелді сарбазының бірі боп,
Талқандастым қастандығын ақтардың.
Кеш ояндық, істе әлі олқы аз ба,
Толтыр соны, арманыңа қол соз да!
Өзімді-өзім осылайша қайрап ап,
Ең алғашқы мүше болдым колхозға.
Қыр төсіне қаптап өріп бар түлік,
Дән өсірдік, ән шырқадық, шалқыдық.
Іші күйген жаудың жала-өсегі
Үлгі-еңбектің қалды отына шарпылып.
Ильич шамы жарығынан нұр түсіп,
Ауылымыз ажарланды гүл құшып.
Паровозды боз далаға боздатып
Алып келді бақыт жолы ̶ Турксіб.
Табыстың мол тереңдетіп арнасын,
Бесжылдықтың соқтық шыңдап балғасын...
Енді ұрпағым, қыздыратын өздерің
Біз бастаған игі істердің жалғасын.
Көреді елің, еңбегіңді бағалап,
Атағыңа жабыспасын жаман ат.
Мен жетпеген биіктерге көтеріл,
Осы саған қасиетті аманат!