17.09.2022
  153


Автор: Ақылбек Манабаев

Менің махаббатым

1
Түпсіз терең тұңғиыққа жол шегем,
Серігім боп құшақташы, келші, өлең.
Мен – бір емен жапырағы сарғайған
Өр жауында шалқақ тұрып теңселем.
Маңайымда ойнақ салып құйын жүр,
Бұйығады ұсына алмай сыйын гүл.
О, дүние, жан еркенді есіңе ал,
Өксіп барып өшеді асқақ күйім бір.
Ой бесігі жүрегіне от қалап,
Тентек, албырт өр сезімін ноқталап,
О, махаббат, боздағыңды тыңдашы,
Ол жерленген өкінішін жоқтамақ...
Қайдасың сен ынтызарым, құштарым,
Таңдағаным, мейірлене құшқаным.
Білемісің өзіңді іздеп табатын
Жүрек деген құдіретті күш барын.
Сен мен үшін күміс күмбез аспан ең,
Оттай ыстық құшағыңды ашқан ең,
Күнім болып дүниеге келмесең,
Талақ етіп тіршілікті тастар ем.
Жанарыңның жалынымен күйдірдің,
Балдай тәтті ерініңнен сүйдірдің.
Ойым-мұхит, алып ерді арманым
Соның бәрін жүрегіңе сыйдырдың.
Жоқ еді ғой жанымызда мүлде ызғар,
Ай тамсанып, көз алмайтын жұлдыздар.
Бар табиғат маужырайтын сүйіссек,
Тына қалып жапырақтар құндыз жал...
Өз алдыңда сыр қоймасын ақтардым,
Іздері есте нелер тәтті шақтардың.
Деп ойлаушы ем шашау етпей еш бірін,
Көкірегімде сандық қылып сақтармын.
Жылдар өтті... жақсылығын сыйлады,
Өсті қиял, тар кеудеме сыймады.
Енді міне шешілмеске шарам жоқ
Қайран тілек көңілді езіп қинады.
Есіме алдым аяулының барлығын,
Қосқан еді бізді ортақ нәрлі ұғым.
Қарғадың ба? Қайырылмай сен кеттің
Қабылдамай жүрегімнің жарлығын.
Қалдым үнсіз шолып сонау қиырды,
Жұдырықтай ет жүрегім жиі ұрды
Жетімек боп жүдеу тартқан махаббат
Қалам алып, тебірен деп бұйырды.
Тебірендім, тебірендім, төзбедім,
Бұрқыратып ағыттым да сөз желін,
Қалың тұман арасынан жарқ етті
Найза кірпік, нажағайлы көздерің.
Бір кездерде арқау болған жырға ұзын,
Жанарымды жалт қаратты нұр жүзің.
Кеуде керіп мақтанушы ем, тасушы ем,
Бұл табиғат сыйлады, деп гүл-қызын.
Сағат сайын жалын лаулап, от сөнбес,
Жүрдің ыстық жүрегімді мекендеп.
Ойладым ба?... Ойладың ба? Сонда сен
Естігіңді қатты серпіп кетем деп...
Селге кеткен минуттарға өкініп,
Отырмын мен жолықпасқа бекініп.
Құштарлықтың отымен ен осар ем,
Енді келсең қарсы алдыма өтініп.
Сен үшін мен бір кездерде дерттендім,
Біле тұра қаймықпастан өртке ендім.
Арамызда от тұрса да лапылдап,
Бір өзіңнен айнымасқа серт бердім.
Басымды имей күңкіліне күндестің,
Қос шынардай өзіңменен бірге өстім.
Жалғыз жүрсем, жарым бар деп тояттап
Оңашада рухыңмен тілдестім.
Нұр жамылған қызғалдақтай қырдағы,
Өзіңде еді арманымның бір жағы,
Ой соңында қалжырасам, қажысам,
Сен емес пе ең саялатқан жыр бағы.
Ұмыттың сен соның бәрін, ұмыттың,
Қару жұмсап бөбегіне үміттің.
Құпиялық ләззаттарға берілдің,
Еншісіне ортақ етті тымық түн...
Жүрсең дағы маңайыңа бас имей,
Құлазырсың жапандағы тас үйдей.
Жалған келін, қайын атасы ̶ өмірдің
Дей алар ма саған сірә таси ғой.
Атқан таңың елес болып бұлыңғыр,
Сандалумен өтер күңгірт күнің құр.
Басқа тепкен қайран бақыт оралмай
Таба алмассың дейтін жанды мұңым бір...
Ал мен өзім алыс ұшам қияға,
О, махаббат, мекеніңе ұяла!!!
Бар дауыспен адам жанын жырлаймын
Қаламымды матырып-ап сияға...
Нұр шуаққа жуынып кең аспаным,
Қайғы бұлтын алысқа атып тастадым.
Маған бөлген тіршіліктің сыйлығын,
Қабылдадым,
Үлкен өмір бастадым.
3
«Тынықсаңшы, демалсаңшы, күнім», ̶ деп,
Жарым отыр қарсы алдымда күлімдеп,
Дүниенің бар шаттығы жанына
Орнағандай, толғанамын сыр үрлеп.
Ақ маңдайын, ернін үнсіз тосады,
Жыр жолыңа кейде ақылын қосады.
Алдымызда жердің шары дөңгелеп,
Мұхит суы төңкеріліп тасады.
Сүйе берем, сүйе берем, тоймаймын,
Жарымменен мерекемді тойлаймын.
Жаны қандай терең еді,
Мен оны
Үнсіз ұғып тереңіне бойлаймын.
Ойларыма азық болып бір өзі,
Пәк самалдай аймалайды мінезі,
Лебізі ̶ бал, сусыныңды қандырар,
Маңымызға жуымайды мұң езі.
Сыры ортақ тілектестер жиылып,
Құттықтайды екеумізге сүйініп,
Жатқандай-ақ әлемдегі ән мен күй,
Кіп-кішкентай үйімізге құйылып.
О, махаббат жаныма үлкен нәр құйдың,
Құшағыңда жас сәбидей шалқимын.
Арман асқақ биіктерге қол артып,
Қиял-дария өрге жүзіп, малтимын.
Сый қабылдап бос өткізбей күнін құр,
Құштарлықпен өсемін деп ұлым жүр.
Үңіліп көр бала күнгі, бейне өзім,
Көңілім ада жат пиғылдан бұлыңғыр.
Мақтанымды паш еткендей мұндалап,
Қызым жатыр бесігінде іңгәләп.
Әке жаны тасқындамай тұра ма,
Шынымды айтсам секілдімін гүлді алап.
Албырт едім, өзгеріппін мүлде мен,
Балалықты әкетті ұрлап кім менен?
Екі бірдей жас өмірді күзетіп,
Түн ішінде тәтті ұйқымды мың бөлем.
Міндеттімін кірлетпеуге таза арын,
Солар менің қуанышым, базарым.
Кешір мені, жұмысым мол, уақыт жоқ,
Көп еді әлі айтарым да, жазарым.
Бұрынғыдай салт емеспін қазір мен,
Келер күнім дейді жылдам әзірлен.
Өйткені, бір семьяның тағдырын
Шешетін мен,
Бос жүрмеймін, әзілмен!
Өз алдыңда сәл кідіріс етпесем,
Асығыспын, асығыспын сөкпе сен.
Жан жарыммен, қос құлыным іздейді,
Мезгілінде құшағыма ап өппесем.
Мүмкін қазір отыр ма екен алаңдап,
Сылтау айтып, оларды алдау маған жат.
Үш жүректің үкімінен шықпаймын,
Өмір бойы өтсең мейлі жамандап.
Ұмытылған алғашқы кеш таныспақ,
Жоқ қой бізге енді қайта табыспақ.
Өкінбеймін, сен де өкінбе мәңгілік,
Кеткені ме, кеткеніңе алыстап.
Жаны жылы, жанары ұшқын жарым бар,
Қарашығым, қос құлыным ̶ балым бар.
Бірге соққан төрт жүректің дүбірі,
Ғасырлардан аттап өтіп жалындар.
О, махаббат, шаттығымды шертемін,
Шәрбәтіңді еркін емген еркемін.
Келші, жарым, талқылайық екеуміз,
Ұлымыздың, қызымыздың ертеңін...





Пікір жазу