17.09.2022
  141


Автор: Ақылбек Манабаев

СОҚЫР ЕСЖАН

(Ғабдылхақ Барлықұлына)
Домбыраны қаңғырлатып,
Үй толы
Өңшең тобыр тоздырардай жүйкені,
Таласады кеуделерін ұрғылап
- Сенде,
- Менде, - десіп, - ғажап күй кені.
Сарқып ішіп саржайлаудың қымызын,
Қызып алып шерткендері бір ызың.
Керілдесіп құрғақ дауын қоймайды,
Өңештері жыртылса да күн ұзын.
Туралған жал мен жая табақта,
Барлығы да әбден бөккен тамаққа.
Есік жақта жүрген жалшы-жарлыны,
Жанға балап қосар емес санатқа.
Бір-біріне қадап оқты көздерін,
Ер санайды,
Өр санайды өздерін.
Кұр айғаймен уақыттарын өткізіп,
Берер емес ақылды – ойлы сөзге орын.
Еске алысып байлық,
Билік,
Өткенін,
Мақтан етіп ішіп,
Шашып-төккенін...
Жалғастыра берер еді тағы да,
Кенеттен бір естілмесе өктем үн.
Отырғандар елең етті жалт қарап,
Кейбіреуі білдірді ашу , шалт қабақ.
Ызғарлы жүз,
Ызалыны елемей,
Сөйлеп кетті сал домбыра,
Мәрт шанақ.
Дүйім жұрттың кілт өзгеріп ажары,
Босағаға ауды түгел назары.
Алдарынан тамылжыған әуеннің,
Ашылғандай тамсандырар базары.
Шарт жүгінген жұдырықтай жас бала,
Төкпе саздан көңіл бөлмей басқаға,
Шалқалайды,
Тыңдаушылар таңырқап,
Дейді:
- Бұл үн тіл бітірер тасқа да...
Мақтау соңын ыммен ғана ұғысып,
Тынды қауым...
Ал күйшіміз құнысып,
Теңселеді тербеуімен нақыштың,
Құйттай болып алға ұмсына жылысып.
Қос ішектен көл-көсір мол сыр ақты,
Қайғылының мұңын қозғап жылатты.
Біз де, оқушым,
Боз інгендей боздаған
Домбыраға тосайықшы құлақты.
Қара санға батқан кезде қыл-бұрау,
Секілденіп бебеулейтін үн-жылау,
Қақ жарардай қол басындай қайыңды
Солқ-солқ етіп сорғалаған сыр мынау:
«Қаршадайдан көрмей күнді,
Таң нұрын,
Соқырмын мен, жапа шеккен жарлымын.
О, жарандар,
Толғап берем күйіммен
Жан дірілін,
Жүрегімнің жарлығын.
Жетім қалдым,
Әке-шешем ерте өліп,
Өстім мұңның уыменен өртеніп,
Жылай-жылай сөнсе дағы жанарым
Атанбадым болбыраған боркемік.
Жалға тұрдым жемқор байға жат, мұңдар,
Өзек талып, өксіп жүріп бақтым мал.
Киер киім,
Ішер асқа жарымай,
Табаныма шөңге кірді,шақтым зар.
Қатал тағдыр жасап мүлде мыстандық,
Жалғыздығым болды арқамнан сыққан жүк.
Сырлы өмірдің сұлу, сылқым әуені
Жүрегімді әлдиледі құштар ғып.
Айналамнан ақтарылса мол жыр, ән,
Көңілімнің күмбезіне қондырам.
Дүниені жайып салар алдыма
Қос жанарым- жан серігім – домбырам,
Он саусағым перне бойлап өрмелеп,
Ішектреден саз өргенде термелеп,
Көз ұшында көлбеп алыс көкжиек,
Жердің шары көрінеді дөңгелеп.
Көрем дала,
Тауларды да түгел мен,
Аспан анау қара бұлты түнерген.
Көрем, жарқын келешекке қол созған
Ғашықтарды кеудесіне гүл өрген.
Келем асқақ намысымды ту қылып,
Кектенемін озбырлыққа булығып,
Талғампаздың таңдауына татитын,
Өтсем деймін тамаша әуен тудырып.
Әділетсіз заманның бар шындығын,
Білем,
Көріп келем нелер сұмдығын.
Арманым жоқ,
Соны көпке ұқтырса
Көкірегімнен қанат қаққан бұлбұл үн.
Өзің барда қасиетті халқым-ау,
Өнерліге мүмкін емес шалқымау,
Өлмес едім,
Осынау өр күйімнің
Талайына жазылса егер жарқырау!»
Күй сарқылды...
- Жан сырыңды ұғындық, -
Деп көтеріп алып кетті ұлын жұрт.
- Соқыр Есжан...
Озды бізден шұнақ құл. –
Деп шуылдап қала берді кіл ынжық...





Пікір жазу