17.09.2022
  153


Автор: Ақылбек Манабаев

Кеудемде тұнған сезім бар....

Кеудемде тұнған сезім бар,
Шайқалмай жүрген.
Көкейде бір сөзім бар,
Айта алмай жүрген.
Сол сезімді шайқайтын,
Дауыл тілеп жүрмін.
Қайсарлығымды байқатын
Жауын тілеп жүрмін.
Сол жауынның бұлты,
Саған барар жолымда сияқты.
Сол дауылдың кілті
Сенің қолыңда сияқты.
Сол бұлт бері ауа ма деп,
Бос үмітпен өткіздім уақыт алтынды.
Дауыл соға ма,
Жаңбыр жауа ма деп
Күте-күте сабырым да сарқылды.
Өтінемін,
Бол енді,
Жібер маған жауынның сол бұлтын.
Өртенген денемді
Тамшылар ұрсын,
Тоңдырсын.
Найзағайдың жалыны бетімде күліп,
Тапжылмастан нық тұрайын.
Дауыл мен жауынның өтінде тұрып,
Сені сүйетіндігімді ұқтырайын...
Бәйшешек қой көктемгі дала сәні,
(Бұл шындық.
Дау айтып кім таласады).
Сенің көркің артады қуанғанда,
Күлші қалқам,
Саған күлкі жарасады.
Күлші жаным,
Жадырап күлші кәні,
Кірпігіңнен төгілсін күн шуағы.
Сен күлсең,
Мынау әлем нұрға толып
Жүрегім жиі ұрады,
Бұлқынады.
Сен күлсең,
Ұмыт болып кейігенім,
Мазасыз ауыр ойдан сейілемін.
Күлші жаным,
Келтіреді сенің күлкің
Бұл үйдегі мереке,
Той реңін.
Сен күлсең,
Жарқыл қағып жанарыңда ай,
Мен де бірге масайрап, табамын жай.
Күлші жаным,
Мәңгіге тұрса деймін
Дидарыңнан шаттықтың табы арылмай.





Пікір жазу