ЖҰЛҚЫНЫП
Жұлқынып,
Асау Ертіс тасып жатыр,
Бұлқынып,
Арнасынан асып жатыр,
Жағада тұр қайың, терек, қарағайлар
Шыбындаған жылқылардай
Тынбай шұлғып басын жасыл.
Күркіреп,
Асау Ертіс тасып жатыр,
Дүркіреп,
Дөңбекшіген көп толқындар
Көбігін бұрқыратып шашып жатыр.
Аунақшыған айдынға көз салайық,
Кел, кел, сәулем, қасымда тұр.
Асау Ертіс тасып жатыр,
Дегендей екеумізге «жасырма сыр».
Секіріп,
Асау Ертіс тулап жатыр,
Көпіріп,
Төңірекке жар салып шулап жатыр.
Таңырқап тіл қаттың сен:
̶ Табиғаттың көрмедім дүлей күшін
Судан батыл.
Долы толқын күміс жалын тасқа соғып,
Жарқабаққа маржандарын шашты әкеліп.
Асау Ертіс тасыған осы сәтте
Екеуміз де өзгерген, басқаша едік.
Мәз болдың сен жас баладай
Қуанғаннан кірпігіңді жасқа көміп.
Менің балғын кеудемнен буырқанған
Жыр тасқыны келе жатты бас көтеріп..
Жалт етіп өте шыққан сол бір сәтті
Енді іздесек, таппас едік...