17.09.2022
142
СОЛ БІР ӘН
Қоңыр салқын сол бір түннің сылқымы-ай,
Жүзді аспанда бұлтқа бетін сүртіп Ай.
Жапырақтың алақанын қытықтап,
Есті самал бұрымыңды жұлқымай.
Ақ қайыңға иық сүйеп сен тұрдың,
Қалықтаған әніңді естіп желпіндім.
Көкірегімде қуаныштың нұры ойнап,
Көкірегіме салды тұңғыш дертін мұң.
Жауып алып сезімімнің қақпағын,
Сырласуға, сыр ашуға батпадым.
Ақтармадым, айтатыным көп еді,
Кінәладың, мүмкін кінә тақпадың?
Нәзік үнді тыңдай бердім елжіреп,
Бар дүние ұйып қалды мөлдіреп.
Өмір бойы қайталанбас ырғақты,
Жазып апты магнитофон боп жүрек.
Сезімімді өр дауылдай шайқаған,
Жылдар өтті, есімде сол байтақ ән.
Әр кеш сайын магнитофон-жүрегім,
Сырлы сазды сапырады қайтадан