17.09.2022
  122


Автор: Ақылбек Манабаев

Қарағай

Таудың жалпақ қабырғасын жағалай,
Көкке бойлап өсті жасыл қарағай.
Тамыздағы тамылжыған табиғат,
Барын сыйлап, әлдиледі баладай.
Самалымен аймалады таң-арай,
Бұрымдарын нұрмен сипап тарады ай.
Жердің терең қабатынан нәр жинап,
Тамырлары тасты жарды қададай.
Жаз-ана өтті ̶ мәпелеген ізгі қол,
Ызың қағып жетті ентігіп күзгі жел.
Маужыраған қарағайды мауалап,
Маңайдың да тыныштығын бұзды ол.
Жоталарға жаба салып мұз-қарын,
Қыс та келді төгіп-шашып ызғарын.
Деп сескендік:
«Қытымыр боз қырау мен
Шыдатпас-ау тоқ боп қатқан сыз жанын,
Бірақ та ол аязға да бағынбай,
Қасқайып бір тұрудан еш жаңылмай,
Тамсандырды өрлігімен көз тартып,
Мәңгі жасыл, жас қалпынан арылмай.
Аясына ап пана болып шыршаға,
Иілмеді боран қармен ұрса да...
Табиғат-ай, қарағайды қалайша
Төзімді етіп жаратты екен мұншама?»





Пікір жазу