ЖАДЫРАП ЖАЗЫМ КЕЛДІ
Жадырап жазым келді,
Жазым келді,
Жайқалған жапыраққа сазын берді.
Даланың жасыл бақтың сыбдыр сыры –
Сыңғыр-сыңғыр күлкілер,
Мәз үн көмді.
Жаз келді –
Сайран шағым сауық құрар,
Үміттіміз,
Ақ жаңбыр жауып тұрар...
Тамыздың тамылжыған таңындағы
Сап ауасы-ақ жаныңды сауықтырар.
Жазым келді,
Таусылмас тамашасы,
Бұлқынған таудың бұлақ – қара шашы.
Өлкенің қызыл ала өрнегін-ай,
Аумаған ақ әжемнің алашасы.
Жазым келді,
Жүгірді балам жар сап,
Еңбек күйін ағытты адамдар шат.
Көк шалғында көсіле атам отыр,
Мерейі артып мезгілді аман қарсы ап.
«Қазанды да көрерміз, болсақ тірі», ̶
Деп қояды өзінше, ол сақтығы.
Қарттардың қалт айтпайтын әр сөзінен
Пейілінің білінер сонша ақтығы.
Жазым келді,
Жадырап ән салдырып,
Қызығына,
Қымызына тамсандырып.
Қалаға қайтқың келмей, қынжыласың,
Саяжайда бірер күн қалсаң жүріп...