17.09.2022
  147


Автор: Ақылбек Манабаев

ЖАЙЛАУ ТАҢЫ

Көкжиек алтын нұрмен сызылғандай,
Жарқырап таң келеді қызыл маңдай.
Дір етті ағаштардың жапырағы,
Қапыда тәтті ұйқысы бұзылғандай.
Маужырап жаңа ғана тыныш тұрған,
Естілді жағымды үндер күміс қырдан.
Күн-келін нарттай бетін ұяла ашты,
Жаралған кірпіктері нұр ұшқыннан.
Жайлаудың баяу желпіп көк көрпесін,
Ерке жел аймалайды бөктер төсін.
Бейне бір шөккен алып қара нардай,
Таулар тұр құшақтатып көкке өркешін.
Тулап бір дірілдесе көл жүрегі,
Жағада бал құрақтар елжіреді.
Төңірек неткен жарқын, неткен әсем,
Көк-күмбез – аспан неткен мөлдір еді.
Сап-салқын самал қандай өбе соққан,
Қиқулап аттылар жүр келе шапқан.
Көлбеңдеп көзді тарта өріледі,
Көк түтін көтерілген жер ошақтан.
Қарағай сұлу қыздың бұрымындай,
Тарайды сәби терек тұлымын жай,
Мен қайтып ойсыз қарап өте алайын,
Табиғат жүрегінен сыр ұғынбай...





Пікір жазу