17.09.2022
  174


Автор: Ақылбек Манабаев

АЛАКӨЛ КЕШІ

Алакөл, кешің әсем жарқылдаған,
Бетінде күміс көбік жалтылдаған.
Арайы батқан күннің жатыр көлбеп,
Кеудеңде секілденіп алтын баған.
Жағаңда отырмын мен жүзіп келіп,
Артымда ізім жатыр сызық болып.
Ойнаса ақ шабақтар асыр салып,
Мәз бола қараймын мен қызық көріп.
Ернеуің зерлі кесте – гүл, қызғалдақ,
Шұлғиды теректерің – құндыз жалды ат.
Төсіңе төңкеріліп төнеді аспан,
Жүзгендей айдынында жұлдыз жалдап.
Денесін мөлдіріңе ай батырып,
Толқындар дірілдейді майда күліп.
Үйіме симайсың ғой әттең шіркін,
Апарып қояр едім айна қылып.





Пікір жазу