17.09.2022
262
ҰЛЫМА
Қияға ұшып самғаған,
Қиялдарды шарлаған,
Екпіні желдей ессе де,
Қос топшысы талмаған,
Қыран боламысың, жан балам!
Айтшы, кәне, жан балам,
Жолың қайсы таңдаған.
Дана боламысың әлде сен,
Әлемді оймен барлаған?
Тұғырың қандай таңдаған,
Айтшы кәне, жан балам.
Адам боламысың ғұмырын
Ізгілікке арнаған?
Биік көп мен алмаған,
Қиыр көп мен бармаған,
Аңдап көрсем, аз екен
Өмірден еншім қармаған.
Толтырар деп олқымды,
Өзіңе сенем, жан балам.
Ойлашы, қалқам, аз ба жан,
Тірлікте ізі қалмаған?
Тез суалар өзеңдер
Өзекті арна салмаған.
От та жылу төге алмас
Жалын атып, жанбаған.
Алдыңнан аппақ ай тусын,
Тұрсын күнің мәңгі аман.
Өнердің асқар өрінде
Шарықта,
шалқы,
жан балам!!!