17.09.2022
  124


Автор: Ақылбек Манабаев

ҰЛЫЛЫҚ ТУРАЛЫ

Ұлылыққа басымды иіп, табынып,
Жырлайын деп ағымнан бір жарылып,
Келбетіне теңеу іздеп Мұхтардың
Отыр едім ой соңында сарылып.
Атам айтты:
̶ Шың дейсің бе, немене.
Ұлы жанды асқарларға теңеме.
Тауларының перзенті ол, бабамен
Теңескенін естігем жоқ немере!
Әжем айтты:
̶ Дарқандығын дананың,
Баламақсың кеңдігіне даланың,
Туған жердің бөбегі ол көргем жоқ
Анасына теңескенін баланың.
Жүйесі бар жарымның да сөзінің,
Шалқып жатқан мұхит депсің сезімін,
Ғашық бола білген ғой ол, тегінде,
Іңкәрлікті өлшеудің де өзі мін.
Тарих айтты:
̶ Әлсіздерді бұқтырар
Осалдарды дауылымен ықтырар,
Құр бекерге тыраштанба, шырағым,
Уақыт атты жеңілмейтін мықты бар.
Күштілерді мынау айдай әлемге
Әйгілеп сол ұқтырар.
Мақта мейлі,
Датта мейлі,
Мәңгілік ̶
Жасайтындар жығылмастан тік тұрар!!!





Пікір жазу