17.09.2022
  119


Автор: Ақылбек Манабаев

АНА – КҮН

Қыр бөгіп күннің нұрына,
Көлеңке жерден ығысты,
Селт етіп самал сырына,
Бу болып жоннан шық ұшты.
Құлпыра сәнмен ырғалып,
Басын жайлап гүл ие,
Жапырақтар дір қағып,
Жайнады жарқын дүние.
Жадырап қалды тіршілік,
Тамаша бір түске еніп.
Көңіл шіркін құлшынып,
Көкке ұмтылды құс болып.
Дулы өмірдің бар хошы,
Қызығын жайып тастады.
Табиғаттың қалпы осы,
Мені бір ойға бастады.
Қиялдың жолы кең жарық,
Арманның сыры тәтті ғой.
Көз алдыма ол келді алып
Елжіреген сәтті кей.
Жүректі билеп сағыныш,
Өрт болып өзек жанғанда,
Жастықтың оты қарып іш
Оңаша ойда қалғанда.
Табатын жаным жарасым,
Кеудеме нұр құйылып,
Ақ пейілді анашым
Аймаласа сүйініп.
Жүзінен тұрар таң күліп,
Асқар шыңдай саялы,
Ана екен ғой мәңгілік,
Өмірдің күні аялы.





Пікір жазу