ДОСТАРЫМ ҚАЙДА ЖҮРСІҢДЕР?
Бір көктеп, бірге гүл ашқан,
Достарым, қайда жүрсіңдер?
Әрқайсың маған бір аспан,
Әрбірің дара күнсіңдер.
Балалық- бал күн, қайран бақ,
Бір сәтке бәрі ұмыт боп.
Уақытқа өткен қайран қап,
Қарайсыңдар ма күліп тек.
Қайғысыз, қамсыз сол күнді
Сарыла аңсап, сағындым.
Қайда өзен асау толқынды
Жағасы жайсаң шағылдың.
Қызғалдақ жапса қапталды,
Жарыса шықтық белдерге,
Қызықты қызу шақтарды
Іздейсіңдер ме сендер де?
Еске алсам кезді нұр құшқан,
Ет жүрегім дүрсілдер.
Ұядан түлеп бірге ұшқан
Достарым, қайда жүрсіңдер?
Көңілге жарқын жаз қонып,
Аңқылдап, алмай ойға түк.
Отырсыңдар ма мәз болып,
Сәбилеріңді ойнатып?
Егіліп сырлы ән сазына,
Жанарларың мөлдіреп,
Елітіп жардың назына
Отырсыңдар ма елжіреп?
Сындардан өтіп сүрінбей,
Биікке бастап нар талап.
Жүрсіңдер ме әлде бүгілмей,
Уақыттың жүгін арқалап?
Әрқайсың маған бір аспан,
Әрбірің дара күнсіңдер.
Бір көкте, бірге гүл ашқан,
Достарым, қайда жүрсіңдер?!