17.09.2022
  220


Автор: Ақылбек Манабаев

КИІЗ ҮЙДЕГІ ДИАЛОГ

Шетелдік турист:
– Мынау уық,
Ағаш есік,
Шаңырақ пен кереге,
Қабырғасыз шиден тоқып жасалған бес дөдеге,
Жау қолында жалақтаған қылыш, найза, балтаның
Қарымына қалқан болып әсте төтеп бере ме?
Сай сағалап,
Садақ тартып,
Саңлақтарын баптаған,
Сахаралық қарақшылар неге мұны шаппаған.
Ғажабы сол – бабаларың үй толы әсем жиһазды
Тас қоймасыз тоналудан қайтып аман сақтаған?
Мен:
– Дала елінің үйді үптейтін ұсақтыққа қас жаны,
Бармайды оған аштан қатып,
Құласа да аспаны.
Қысас қылып, жауласқанның тиіп алып жылқысын,
Білмеген ол барымта қайтарудан басқаны.
Қазақ үшін «тонау» сөзі құлаққа жат,
Ерсі ұғым,
Өзгелердің үй – мүлкіне қадамайды ол сұғын.
Ұрпағына үлгі тастап өткен біздің халқымыз:
«Ала жібін рұқсатсыз аттама, - деп,- көршінің».





Пікір жазу