![](/uploads/shorttexts/author_image/6f8042d8a066219b1c9778f406b478c2.png)
ЖЕҢІС ДОМБЫРАСЫ
Көпшіл еді қарт көршіміз Аяған,
Жас шамасы жетпістерге таяған.
Өнері бар түйін түйер ағаштан.
Дес бермейтін сөзге тағы бай адам.
Әңгіме айтса бал тамызып тілінен,
Отыруға жалықпайды түнімен.
Жаздың жұмсақ самалындай жағымды
Саз есетін майда қоңыр үнімен.
Бертін келе қарт сиретіп жүруді,
Қойды мүлде қақпа алдына шығуды.
Халін сұрай барғанымда көрсетті
Төріндегі домбырасын ілулі.
-Көптен бері қаңырап тұр шертілмей,
(болған еді өмірімнің көркіндей).
Қақпағында жарасы бар ол менің.
Ғұмыр бойы айықпайтын дертім ғой...
Деп толғанып, бір ширыға түйіліп,
Өткен жайды есіне алды күйініп.
-Байқайсың ба, мынау қара сызатты,
Тұрғандай ол сырымды айт деп бұйырып
Шертіп соны тарқатайын шерді бір,
Сұм соғыстан қалған қанды белгі бұл...
Қырық бірінші жылы біздің ауылда,
Жауыздардың әлегінен болды ығыр.
Балға орнына қару ұстар жетті шақ,
(Қас дұспанға қайраулы іште кек-пышақ)
Алғы шепке аттандырып салды да
Қалды жылап жас бала,
Жар-от құшақ.
Қалдыр деген елге бермей ырзалық,
Өзімменен кеттім жолға бірге алып.
Толас шақта сағынышты саз шертіп,
Қос ішекті сергитінмін бір қағып.
Жүрдік солай күндіз-түні от кешіп,
Айқасқа да түстік жаумен беттесіп.
Кезекті бір шабуылдың кезінде,
Жаралады домбырамды оқ тесіп.
Көп қиналдым,алып жүрдім тастамай,
Уақыт тығыз,
Амалым жоқ басқадай.
Жауды өкшелеп біздің ұлы армия,
Жойқын күшпен үлкен жорық бастады-ай...
Гитлерді үмітінен ада ғып,
Жер астына-бункеріне қамадық.
Асқақтаған аспанына Берлиннің,
Желбіретіп жеңіс туын қададық.
Елге оралдық,
Соғыс лаңын,
Сұмдықты
Жұртқа жырлап бердім барлық шындықты.
Домбырамды жөндеп,
Ілдім төріме,
Күмбір қағып оған қайта тіл бітті.
Шешен емес,
Ақауы көп үнінде,
Жалғыз қалсам,
Сырлас-досым бүгінде.
Адам түгіл,
Бұл соғыс па,
Бұл соғыс,
Кеспек болды музыканың тілін де...
Күрсінді ол,
Күңгірт тартып жанары
Кірпігінде тамшы дір-дір қағады.
Қос ішекті сипап өтті жай ғана,
Еті қашқан саусағымен салалы.
Сонан соң ол отырды үнсіз шалқалап,
Айттым қартқа:
-Жан екенсіз дархан-ақ,
Адам түгіл, домбырасын-серігін
Өртке бермей алып келген арқалап!..
Айуандығын көріп фашист-немістің,
Қанды азабын бірге тартқан соғыстың.
Куә болған Қуанышты күнге де
Дейік мұны домбырасы Жеңістің!!!