17.09.2022
  114


Автор: Ақылбек Манабаев

Шағылып найза менен қылыш күнге

Шағылып найза менен қылыш күнге
Тұрған кез,
Ел тағдыры сын үстінде.
Туысқан Украина селосы үшін
Сұрапыл болып өтті ұрыс бірде.
Өртеніп қалың орман лаулап,маңда,
Көп шығын болды бізден,
Жау жақтан да.
Әскерлер шегінгенде асығыста
Бір солдат қала берді аунап қанға...
Қапыда жараланып қайран батыр,
Окоптың ернеуінде ессіз жатыр.
Жалтылдап аспанды оқтар тілгілейді
Басылмай айғай-сүрең, қалың тасыр.
Арсылдап зеңбіректер арыстандай,
Ұлиды снарядтар алыста аңдай.
Аспанды қою түтін қаптап алған,
Белдесіп өмір-өлім алысқандай:
Алыстап бірте-бірте майдан шебі,
Барады алға анталап жаудың легі.
Жас жігіт бірте-бірте есін жиды,
Оянып көкіректе ашу-кегі.
Шайқасқа кіру үшін шын дәмелі,
Болып ол.
Орнынан тұрмақ еді,
Құлатты қайта жерге зіл-батпан күш
Дегендей тағы да бір тыңда мені.
Кеткендей әлсіздіктен дене мұздап,
Қимылға жібермейді жара сыздап.
Санасын алды сансыз күдік шырмап
Жапанда көз жұма ма,шарасыз қап?..
Талықсып...
Біраздан соң есін жиды,
Түрлі елес билеп алған есіл миды.
Денесін өрт шалғандай,
Қатты шөлдеп,
Кешіріп жатыр бастан тосын күйді.
Көз алмай жаутаңдайды алтын күннен,
Тартқандай ол да күңгірт салқын мүлдем.
Күш қайда, тым болмаса бір ән салып
Қоштасар мынау дала, жарқын гүлмен.
Шамасы жоқ сияқты тік басуға,
Булыққан көкірегі күшті ашуға.
Дариға-ай, туар ма еді бір мүмкіндік
Жауымен жағаласып, ұстасуға!..
Сүңгіді көкжиекке күн қызарып,
Түн жапты төңіректі-мұңды ғаріп.
Құлаққа зеңбіректің үрейлі үні
Жетеді анда-санда гүрсіл қағып.
Бомба үні селт еткізіп түнді тыншу,
Басталды гаубица ұлып,даңғаза шу.
Қалжырап шалқасынан жатыр жігіт.
Шіркін-ай,болар ма еді бір жұтым су.
-Жұтым су...
Мың қайталап айтар сөзі,
Ұмытып жарасын да,өзін-өзі
Биікте мөлтілдеген жұлдыздарға
Шоқтай боп қадалады екі көзі.
Не шара түскеннен соң басқа нала,
Кірпігін қасіретті жасқа мала.
Жатыр ол үнсіз көкке жалбарынып
«Төсіңнен нәр тамызшы, аспан-ана.
Еңіре,
Жоқтауыңды айт, бозда желім,
Жаныма қанды қолын созбақ өлім.
Ғұмырын елге арнаған күрескердің
Соңында қалған жалғыз боздақ едім.
Бола ма ылғи оңды сәт ұрыста,
Сескенбе,
Намыс туын батыл ұста!-
Деген жан анашымның аманатын
Орындай алмай барам қапылыста...
Атыпты-ау,
Болғай жаңа таң қайырлы,
Алтын нұр,
Сипа самал маңдайымды,
Шіркін-ай бір жұтым су...
Бір жұтым су,
Болсайшы жібітетін таңдайымды?!
Кенеттен о,құдірет...түнерді көк,
Найзағай от-бишігін бірер білеп
Ұйысқан жабағыдай қап-қара бұлт
Тамшысын төгіп-төгіп жіберді кеп.
Төпелеп нөсер-жауын құйып берді,
Кезерген ерінді су сүйіп төнді.
Әл болып жаңбыр суы қара жерден
Тұрғызды тік көтеріп күйікті ерді.
Енді ол алды-артына қарасын ба,
Елемей жанға батқан жарасын да.
«Қайтсем де өз полкыма жетсем» деген,
Бұлжымас бірақ ой бар санасында.
Серт ұстап жүріп кетті автоматын.
Кеудеде арман қақты ақ қанатын.
-Жауымнан кегімді алам,-деп келеді


Ақтаймын Отан, ана аманатын!..





Пікір жазу