17.09.2022
  1102


Автор: Ақылбек Манабаев

МАЙДАНГЕР МОНОЛОГЫ

I.
Ата жылап,
Күн кешкен бауыр күпті,
Сол күндерді еске алу ауыр тіпті.
Жылы хабар майданнан келер ме деп,
Аяғынан тік тұрып ауыл күтті.
Күндіз-түні бір тынбай тараған үн
Естуші едік егілген ана зарын.
Қаралы хат-қайғының сызығы боп,
Күзгі гүлдей солдырған жар ажарын.
II.
Әлі есімде...
Мен оны ұмытам ба?!
Салды соғыс жүрекке ірі таңба.
Белшемізден қан кешіп, арпалыстық,
Жетектеп ел тағдыры,үміт алға.
Бейбіт кезгі жай жүріс-аяң қалып,
Оққа тостық кеудені, аянбадық.
Ар-намысын отанның ту ғып ұстап,
Партияға бар сырды баяндадық.
III.
Сәби жатқан бесікте жертөлені,
Көз алдымда, фашистің өртегені.
«Жаралыны жасырдың»- деп дарға асқан
Украин қызы қандай көркем еді...
Жер бетінен жоймақ боп жақсылықты,
Істеді-ау сан зұлымдар лас қылықты.
Боздап тұрып,көргеміз, тірі қалпы
Топыраққа көмгенін жас жігітті.
Жазықсызды түрмеге жаптырғанын,
Овчаркаға тұтқынды қаптырғанын,
Шырылдаған көргеміз нәрестені,
Лапылдаған жалынға лақтырғанын.
Жанардан жас орнына жай ұшса да
Қабырғамыз төзгеміз,қайысса да.
Жаудан есе білдік біз әперерін,
Жорық,шайқас,қаhарлы сайыс қана.
Басталды бір ғажайып қанды майдан,
Үрей-хауіп қуылды мәңгіге ойдан.
Қызыл туын Жеңістің желбіреттік,
Ордасына гитлердің салып ойран.
Отты,асқақ ұранымыз шарлап көкті,
Қиырға,планетаға самғап кетті.
Құлдықтың құрсауынан азат болған,
Жүректер алғыс жырын арнап төкті.
Бөбектер тыныштықтың жаттап әнін,
Ойнап жүр еш алаңсыз бақта қалың.
Мен соның сыңғырлаған күлкісінің,
Қорғаушысы болдым деп мақтанамын.
Көрем де бой көтерген құрылысты,
Тындырғандай боламын бір ұлы істі.
Тыңдаңдар,
О адамдар,
Замандастар,
Қарт майдангер ақтарады сырын ішкі.
Ойлаңдаршы,
Салып бір ақылға шын,
Араларың достықпен жақындасын.
Дүние не болады,
Анау тажал
Ракеталар тұс-тұстан атылғасын!!!
Атылмасын!
Сиреналар бақырмасын.
Мылтықтың үні үрей шақырмасын.
Жұмыр жердің бүтіндігін сақтау үшін,
Күшке емес,
Артайық ақылға сын!
Түс шайыспа,
Бір-біріңе жекімегін,
О,адамдар,
Осы менің бекігенім.
Соғысты болдырмаңдар,
Алдыңда
Аппақ
Басымды иіп тұрып өтіемін?!





Пікір жазу