17.09.2022
  119


Автор: Ақылбек Манабаев

Сен үшін өмір сәні,нәрі де арзан....

Сен үшін өмір сәні,нәрі де арзан,
Күлуің,
Күрсінуің бәрі жалған.
Қысылып тым болмаса қымсынбай ма,
Бір ағаттық жасаса,ары бар жан
Сөзге жомарт, іске олақ сайқал құрбым,
Жалына жармаса алмай жайсаң жырдың,
Масайрап қарауменен маңайына
Дейсің-ау оңды-солды шайқап жүрмін.
Мақтан емес,
Білсең оның ұтылғандық,
Жіберер тағдырыңды шытырман ғып.
Саныңды бірақ соғып опық жерсің
Қолыңнан ұшқан күні құсың қаңғып.
Күрделі мынау өмір қойған сұрақ,
Шешуін табу үшін ойлан,шырақ.
Тіршілік керуені адамдардың
Дуылдап қайту емес тойдан шұбап.
Ғұмыр-сыншы,
Күлдіреді,
Жылатады,
Өрлетеді,
Құлдыратып құлатады.
Ол қатыгез қиындыққа төтеп берер
Қара нардай қайсарларды ұнатады.





Пікір жазу