КӨҢІЛ КҮЙЛЕРІ
Құрдасым айтады:
Қарсы алдыңда қанды қанжар тұрсын мейлі,
Ар жолында алға атта,
Сілкін,дейді.
Адалдықты азық етсең кінәсізсің,
Аққа қара жұқпайды,
Кір сіңбейді.
Сырласым айтады:
Жасқаншақтап ақтара алмай жүрсің бе ойды,
Талаптан,
Талмай ізден,
Құлшын,дейді.
Алтын арай алаулай маздамасаң,
Көңіліңнен күн болып жыр күлмейді.
Досым айтады:
Таранып,
Сылай бермей сылқым бойды,
Жарыңды тап,
Гүл атып,құлпыр,дейді.
Арманына жолыққан жандар ғана
Өкінбейді,опық жеп күрсінбейді.
Мұңдасым айтады:
Қапалансаң қарауытып кіл түн қойны,
Қайғы-дауыл аспаныңа бұлт үрлейді.
Ал сен мәңгі шаттықпен шалқыр болсаң,
Бақытыңды базарлы,
Жұрт білсін,дейді.
Өмір айтады:
Құр күйбеңмен ештеңе мандытпассың,
Бәйгеге түс,
Ұзақ жолда шаң жұтпас кім,
Шын құштар болсаң егер тіршілікке
Қиялыңа қанат байлап қалғытпаспын.
Менің жауабым:
Тұрғанда мынау қайсар білек аман,
Керегімді еңбекпен күреп алам.
Туғаннан арқалаған борышым көп
Өтесем,соларды деп жүрек алаң.
Сондықтан бой алдырмай күдікке мен,
Алға асықтым,
Астымда үміт-дөнен.
Бейбітшілік бағына берекелі
Жеміс егіп,
Арамшөпті қалдырмай жұлып келем.