17.09.2022
  173


Автор: Ақылбек Манабаев

ЖҰМЫСШЫ АҒАЙ

Оны күнде көреміз,
Әдеппен сәлем береміз.
—Шеге ағай, - деп шаттанып
Соңынан қалмай ереміз.
Мінезі неткен кең еді,
Ырқымызға көнеді.
Баласынбай біздерге,
Ерекше көңіл бөледі.
Келер жолын бағамыз,
Үйіне еріп барамыз.
Кетерінде жұмысқа,
Сәт-сапар тілеп қаламыз.
Кешке тосып аламыз,
Жатсынбайды ағамыз.
Қасында ұзақ отырып,
Әңгімеге қанамыз.
Айнұр, Майнұр, Сапарды,
Айдар, Анар, Жанарды.
Жинап алып бірде ол,
Заводқа ертіп апарды.
—Мартен пеш аты мынаның,
Осында жұмыс тұрағым.—
Деп көрсетті ол қып-қызыл,
Балқыған болат бұлағын.
Жалын құшып білегін
Қуаныш билеп нұр өңін.
Оңды-солды сілтеді
Қолындағы күрегін.
Бастама тауып күнде тың,
Жұмыстан қалмай бір де күн.
Орындайды екен асырып,
Берілген жоспар-міндетін.
Ыстыққа төзіп қапырық,
Жүрген отты сапырып.
Таныстарды бір-бірлеп
Серіктерін шақырып.
Біз де іркіліп қалмадық,
Барлық цехты шарладық.
Куә боп ерлік еңбекке,
Қайттық үйге таңданып.
Еңбекте өзін шыңдаған,
Қиындықтан қыңбаған.
Дейтін жастар көбейді,
—Шеге ағайдан үлгі алам!..
Саусағынан тамған бал
Шеге ағайдай тарландар,
Қатарына қосылсақ,
Деген ойда арман бар.
Еңбек етіп ізгі елге,
Қала орнатып түздерге.
Шеге ағайдай жұмысшы
Болсақ дейміз біздер де.





Пікір жазу