17.09.2022
207
Теңге алу
Теңге алуға шығады шақырам, кім?..
Жүлде үлкен,
қалмаңдар қапы халқым.
Шүберекке түюлі басты сыйлық
Жасау болар бір қызға жатыр алтын.
Жеңсең егер сен оны аласы боп,
Әкете бер, ешкімнің таласы жоқ, ̶
Деп дауыстап жалпыға таныстырып
Шартын айтты жарыстың қарашы кеп.
Нағыз айқас басталып кетті, міне,
Шын бәсеке қарай ма тек, түріңе.
Кеуде кере келгендер құлап жатыр
Шыдай алмай шапқан ат екпініне.
Икемсіздік талайға шектіріп мұң,
Санын небір абайсыз соқты мықтың.
Жігері бар жігіттер енді ұғып жүр
Ерлік пенен бағасын ептіліктің.
Қимылына қауымның қыбы қанып,
Мығымсынған ноянның мыңы қалып.
Ел көзіне еленбей келген біреу
Кейде олжаны кетеді іліп алып...